Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 7 шілдеде елордада Ұлттық Домбыра күні тойланады

7 шілдеде елордада Ұлттық Домбыра күні тойланады

7 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасы.  

Осыған орай «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаң үлкен сахнаға айналады. Шараға жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. 

Олар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көреғұлы» күйлерін жатқа білуге тиіс. Шараға қатысу үшін 1 маусымнан 5 шілдеге дейін www.asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркелу керек. 

«Биыл Ұлттық Домбыра күніне орайластырылған жаппай концертте орындалатын алты күй таңдалды. Әрине, қатысушылардың олардың барлығын білгені жақсы. Дегенмен ұсынылған композициялардың біреуін ғана білетіндер де концертке үлес қоса алады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасынан. 

7 шілдеде мереке барысында күмбірлеген күйден басқа, жиналғандар назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылымын ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерлерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық музыкалық аспабымыз – домбыраны жырға қосады. Сонымен қатар, «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы орналасады тебеді. Келушілер домбыраның және басқа да ұлттық аспаптардың түр-түрімен таныса алады. 

Сонымен қатар, мереке кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» концертімен жалғасын табады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы сағат 17.00-де. Кіру - тегін. 

Еске салайық, өткен жылы Ұлттық Домбыра күніне орай «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда домбыраның құлағында ойнайтын 2 мыңнан аса өнерпаздан құрылған оркестр өз өнерін ортаға салды. Флэшмобқа қатысу үшін еліміздің өңірлерінен де домбырашылар елордаға ат басын тіреді. Шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Айта кетейік, бұл қала тарихындағы айтулы оқиға болды. «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін орындаған домбырашыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Айтқали Жайымов дирижерлік етті. 

1 шілдеде өткен Ұлттық Домбыра күніне арналған концертке белгілі музыканттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева, Нұркен Әшіров, дирижер Арман Жүлдебаев, «Бастау» тобы, «Серпер», «Асыл тобы», «Музарт», Асылбек Еңсепов және басқалары қатысты. Айта кетейік, былтыр қатысушының ең кішкентайы 7 жаста, ал ең үлкені – 75-те болды. Шара барысында ең жас қатысушыға Елбасы өз қолымен домбыра тарту етті. 

Ұлттық домбыра күні 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен бекітілді және жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. 


03 шілде 2019 ж. 654 0