Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Мамандық таңдау-өмірлік парыз

Мамандық таңдау-өмірлік парыз


Адам баласы өмірде екі нәрседен жаңылмай таңдауы керек екен. Соның бірі-мамандық таңдау. Бүгінгі мектеп бітіретін шәкірт ел тізгінін ұстайтын маман емес пе?! Сондықтан олардың біліммен қаруланып, елге қызмет етер азамат болып өсуі, өмірден өз орнын табуға дайын болуы аса қажет. Бұл тұрғыда бұрынғылардың өнегесі «Білімсіз бақыт әлдекімнің азығы, білім – бақыттың жібермейтін қазығы» десе, бүгінгі күннің ұраны «Тәуелсіз елге – білікті маман» – дейді. Ендеше екі мағыналы сөзде мамандық таңдаудың адам өмірінде алар орны ерекше екендігін айқын көрсетеді.
«Кім боламын?»  Бұл аса бір күрделі, қиын сауал. Жастарға албырт ой, ұшқыр сезім тән келеді. Өрімдей жас талапкер неше түрлі мамандықтарды игергісі келеді. Бірақ, солардың ішінен қайсысының басын ұстарын білмей қиналатыны бар.  Осы жерде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
... Он бес пен жиырма бестің арасында,
Бұл жаста бересім көп, аласымда.
Алдымда толған мақсат, толған таңдау,
Алайын мынасын ба, анасын ба? – деген өлең шумағы барлығымызды да ойландырары сөзсіз.
Ең жақсы мамандық қайсы? Оны қалай еткенде таңдауға болады? Оны игеріп алудың жолы қандай? Міне, мамандықты дұрыс таңдау адамның бүкіл болашақ тағдырына тікелей әсер етеді. Осы ретте мамандық таңдау дегеніміз – тағдыр таңдау – дегенге саяды.
Ата-ананың аялы алақанында, ұстаздарының қамқорлығында болған шәкірттердің алдағы кезде өз орындарын өмірден табуы үлкен азаматтық парызы. Олар үшін алдарында өмірлік мәні бар үлкен бір белес, жауапты міндет тұр.  Ол-өз білімдерін жоғары дәрежеде дәлелдеп, ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, белгілі бір мамандықты дұрыс таңдай білу және оны меңгеру.
Әр жасқа өзі таңдаған мамандығы ұнауы тиіс. Ол сонда ғана барынша жігермен сол мамандықты жете меңгеруге тырысады. Өзіне ұнаған, жаны жаратқан, талғамына сай келетін мамандық ризашылық сезімін ұялатады. Ол адам сонда ғана өз мамандығын жете меңгеріп, толық  қабілетін жұмсап, еңбек етеді, өз еңбегін мақтаныш тұтады. Мұндай еңбек әрине, шабыт шақырады, ұдайы шығармашылық ізденіс үстінде болуға итермелейді. Мамандық таңдау кезінде әркімнің психологиялық ерекшеліктерімен қатар олардың моральдық көзқарасы, ерік-жігері, борыш пен жауапкершілігі, тәуекелге бел байлағыштығы секілді қасиеттерді ескермесе болмайды. Мұның өзі әсіресе, геолог, ұшқыш, теңізші, дәрігер, заңгер, мұғалім мамандықтарын таңдағанда ерекше назар аударатын нәрсе. Кейбір мамандық түрлері мойымай еңбек етуді, алғырлықты, тез шешім қабылдауды керек етеді.
Қазіргі заманда ғылыми-тех­никалық прогрестің ғаламат өсуі­нің нәтижесінде еңбектің маман­дандырылу дәрежесі сонша­­­­лықты артып, шырқау биікке шарықтап кеткен  кезде мамандықтың түрі де көп. Цифрлы деректерге көз салайық. Ғалымдардың есептеуі бойынша әлемде 50 мыңға жуық мамандық бар және жыл сайын 500-ге тарта жаңа түрі қосылып отырады екен. Соның ішінде 15 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы. 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 жаңа  мамандық басады.
Ал, тіпті 2020 жылға қарай технологиялардың дамуына бай­ланысты әлемде 5 миллион жұмыс орны қысқармақ. 2030 жылдың белесінде роботтар 800 миллион жұмыс орнын ауыстыра алады. Бұрын жаңа мамандық 20-30 жылда пайда болса, бүгінде әр 3-5 жылда пайда болады. «Кассир» деген мамандықты банкоматтар алмастырғандай келмеске кеткен кейбір мамандықтар жайы жалпы жұртшылықты алаңдатпай қоймасы анық. Бұл – бүкіл әлемнің даму үрдісі. Тың жаңалық жаһан жылдамдығын одан әрі күшейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеуметтік саяси жүйе өзгеруде. Осы өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағдай жасайды. Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және адам факторына қатысты талаптар да өзгереді.
Кезекті Жолдауда айтылған бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маман, соған сәйкес жаңа мамандықтар ашылатыны белгілі. Мұндай кезеңде көптеген жұмысшылар барлық технологиялық өзгерістердің алдында өздерін қауқарсыз сезінеді. Әйтсе де қосалқы еңбек жағдайына бейімделуді қажет ететін жаңа буынның еңбек нарығына  шығуымен байланысты үдерістердің бар екенін есте ұстау қажет. Сонымен қатар орта буынға бұрынғы «Бүкіл өміріме бір кәсіп жетеді» деген қасаң қағидадан арылып жаһандық төртінші революциялық жаңғыруына психологиялық тұрғыдан дайын болуды ескерген жөн. Мобильдік кезеңінде бірнеше мамандықты игере отырып, өз ортаңа бәсекеге қабілетті болуың керектігі сөзсіз мойындайтын шындық.
Ойды ой қозғайды. Елімізде жұмысшы мамандығын беретін орта оқу орындарына жастарды тарту қазіргі таңда жақсы қолға алынуда. Осы жерде жұмысшы мамандығына қорықпай бару керек екеніне Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының  үлгілі ісін айтуға болады. Теміртау қаласында металлургия зауытында алғаш еңбек жолын бастаған болса, бүгінде өмірлік жинаған тәжірибесін туған елінің өсіп-өркендеуіне жұмсаған кемеңгер тұлға. Қазақстанды әлемге танытуы жастарға үлгі-өнеге беріп отыр емес пе?!
Кездейсоқ таңдай салған мамандық адамның қымбат уақытын босқа ысырап етеді. Өмір көрсеткендей, біздер, ата-аналар балаларымыздың мамандықты жан дүниесінің қалауымен таңдады ма, жоқ па  оған көңіл бөлмей жататын сәттеріміз болады. «Жұрттың баласындай» жоғары оқу орнына түссе болғаны деп есептейміз. Қазіргі таңда екінің бірінің қолында құқықтану мен экономика бойынша, әлде қаржы саласының дип­ломы. Елімізде қаншама жас­тар дипломдарына сәйкес келмейтін басқа мамандықта жұмыс істеп, кейбіреулері базарда жүр. Өзі қаламай түскен оқуды кейін тастап кетеді. Қайсыбірі  бітіргенмен мардымды жұмыс ат­қар­майды, яғни өзіне де, қоғамға да берері аз болатынын өмірдің өзі көрсетуде.
Біздің облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылда тұрады. Асыраушы сала – ауылшаруашылығына қажетті мамандар тапшы. Токорь, дәнекерлеуші, күрішші, агроном, механизатор т.б мамандар аса қажет. Көптеген ауылда аталған мамандық иелерінің алды зейнет жасының о жақ-бұ жағында. Олардың орнын басатын мамандар табу қиынға соғары анық.  Ал жастардың көбі «ауылда жұмыс жоқ» деген желеумен басқа қалаларға ағылып жатыр. Ол да «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың кері». Бар әңгіме кәсіпті  игермеуде.
Бүгінде тас қалаушы, бетон құюшы, тракторшы, экскаворшы, краншы секілді мамандықтарының беделі жоғары, жалақыны да жақсы алады.
Бір сәт халқымыздың ауызында жүрген «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мағынасы терең мақал-мәтелдеріне мән берейікші. Бұл бүтіндей бір халықтың өмірлік тәжірибесін бір арнаға тоғыстырған, өскелең ұрпақты қаршадай кезінен бастап қандай бір кәсіпке баулудың өзіндік бағыт – бағдары екені даусыз. Ежелден бері ұста, зергер, етікші, атбегі, құсбегі, кілемші, тоқымашы т.б көптеген кәнігі шеберлер өз өнерлерінің құпия қатпарларын көлденең көк аттыға жанып сала бермеген. Олар қашанда қабілет-бейімі бөлекше ұл-қыздарының біріне немесе өздерінің жақын ағайын-туысының қолының ебі бар балаларына үйретіп, өмірлік аманат ретінде қалдырған. Өнерлі ата-ана осыны қазірден бастап өсер ұрпақтарының құлағына құя бергеннің еш зияны жоқ деп ойлаймын. Бұл біздің халқымызда ғана емес, дүние жүзі халықтарына тән өнеге.

Түйінді пікір: Қазақстан Республи­касының әрбір азаматы елінің нағыз жанашыры, патриоты болса, ел келешегі кемел болмақ. Сондықтан мамандыққа баулу жұмыстарын бастауыш сыныптан бастап ерте жоспарлы жүргізген тиімді «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, еліміз дамысын десек, мамандық таңдау мәселесін ел блып қолға алсақ, шешілмейтін түйін жоқ.
Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, еліміздің бірлігін нығайту өнері  өрісті, шешеннің сөзі. Жемісті қазақ халқының ынтымағының артуы білімге байланысты. Әрине, мамандық таңдау келер көкжиекке кең жол ашады.

Нағыман Әйтенов,
ардагер-ұстаз

21 мамыр 2019 ж. 3 953 0