Өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтіп, күн тәртібінде өңдеу өнеркәсібін дамыту және саланы цифрландыру мәселесі қаралды.– 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында ауданның өнеркәсіп орындары 85,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 175,2 пайызға артығымен орындалды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 11,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,4 пайызға орындалды. Индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету мақсатында цифрландыру бағытында да жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл өндіріс тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдеріне инвестициялық жобалардың жүзеге асу мерзімін қатаң бақылауда ұстап, барлық жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, цифрлық жүйелерді енгізу барысын жеделдетіп, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек темір жол вокзалы бекеті құрылысын сапалы жүргізіп, уақытында аяқтауға қатысты да тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










