ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІЛІМ: САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы екінші бөлімде мемлекетіміздің таяу жылдардағы міндеттері нақтыланған. Тұтастай білімнің жаңғыруына негізделген бағытта жастардың рухани жігерін патриотизммен байланыстырған. Мемлекет алдындағы міндет – ұлт болашағының саналы болуы үшін аянбай еңбек ету қажет. Бүгінгі бала – ертеңгі күні туған жерін түлетуші тұлға. Ал, оларға бағыт-бағдар беруші – оның ұстазы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қабылданған «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының мақсаты – біртұтас ұлттың бәсекеге қабілетті, сындарлы, күшті, шығармашылық, патриот және белсенді тұлғасын қалыптастыру, болашақтың іргетасы тәрбие мен білім беру салты болып табылады. Бағдарлама негізінде барлық білім беру мекемелерінде 3 бағыт бойынша «Өлкетану», «Отаным-тағдырым» және «Саналы азамат» жобалары іске асты. Жобалардың жұмысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева тарқатып айтып берді.
«Өлкетану» базалық жобасы бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Рухани-құндылық және практикалық бағдар беруде білім алушылардың оқу пәндері арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ әр түрлі сабақтан тыс факультативті сабақтар, үйірмелік жұмыстар өлкені тануға ықпал етеді.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. «Туған өлке тарихы» білім беру ұйымдарында факультативтер, арнайы курстар, үйірмелер бойынша мұражайларға, мәдени-тарихи өлкеге экскурсиялар ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта оқушылар Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалына, аудан төңірегіндегі Сырлытам, Қос асар тарихи ескерткіштеріне, облыстық мұражайға саяхат жасады. Аудандық білім бөлімінің желілік кестесіне сәйкес аудан орталығындағы «Еңбек Даңқы» музейінде оқу жылы басынан бері 17 мектеп аудандық 17 шара өткізді.
«Отаным – тағдырым» базалық жоба жастардың бойында азаматтықты, патриоттықты дамытуға байланысты, балаларға ұлттық тәрбие беру, бойларына патриоттық сезім ұялату мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Қазіргі уақытта мектептерде сабаққа ену және шығу үзілістері Құрманғазының күйімен алмастырылды. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектептерде туған жердің тарихын танытудан басталады. «Отаным тағдырым» деп аты айтып тұрғандай әр оқушыға өз елінің патриоты екенін сезіндіру мақсатында тәрбиелік мәні бар «Мен елімнің ұланымын», «Менің Отаным Қазақстан», «Қазақстан - бақыт мекені» тақырыптарында ашық тәрбие сағаты, сыныптан тыс жұмыстар, оқушылардың бойында патриотизмді нығайту мақсатында дәстүрлі «Айбын», «Біз болашақ сарбазбыз» әскери патриоттық сайыстары өткізілді.
«Саналы азамат» базалық жоба оқушылардың еңбек нарығында кәсіби бағытталған, өзін-өзі анықтау жағдайында, қызмет аясын таңдау еркіндігінде, олардың мүмкіндіктері, қабілеттері мен талаптарын ескере отырып, білім беру барысында оқушыларға болашақ мамандық таңдау үшін жағдай жасау, кәсіптер мен мамандықтар бойынша ақпараттандыру қажеттілігі туралы және кәсіби білім алу міндеттерін қамтиды. Осы тұрғыда мектеп бітіруші түлектерімізбен елі үшін еңбек етіп, өз саласында жетістікке жетіп жүрген сала қызметкерлерімен кездесулер, «Еңбегі елге өнеге», «Ел мақтанышы», «Біртуар азамат», «Біздің түлек» тақырыптарында тақырыптық кештер өткізілді. Мектеп бітіруші түлектерге болашаққа бағдар беру мақсатында дәстүрлі жыл сайын «Мамандық таңдау» кеші өтті.
Мұнан басқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латын әліпбиіне көшуге байланысты, «Табиғатты аяла» бағыты бойынша түрлі шаралар жыл бойы ұйымдастырылуда.
Б.ЖАНӘЛІ