Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАМАНДЫҒЫ – МАҚТАНЫШЫ

МАМАНДЫҒЫ – МАҚТАНЫШЫ

Адам өмірінде қарым-қабілеті жеткен мамандықты игеріп, зор же­тістікке жету жолында түрлі қиындыққа кездеседі. Қалаған маман­дыққа деген іңкәрлігі оянып, жан тәнімінен беріле орындаған жағдайда үлкен асуды бағындыратыны сөзсіз. Бәсекеге қабілетті болудың алдыңғы шарты өзің айналысатын жұмыстың қыр-сырын игере отырып, жаңадан тың идеяға ерік беру құптарлық дүние. Бү­гінде қоғамның әрбір мүшесі сан мыңдаған мамандықтың тізгінін ұстап, қатарластарының арасында оқ бойы озық тұруды қалайды.
Үнемі жарқын келешегінің кепілі ретінде үздіксіз ізденуді тоқтатпайды. Міне, осындай табандылығымен халық арасында етене таныс мамандық иелерінің еңбегі өлшеусіз. Мектеп қабырғасында жүрген әрбір жастың көкейінде жоғарғы білімді қызметкер атануға деген құлшыныс зор екенін аңғарамыз. Жыл сайын өз саласында белгілі бір дәрежені бағындырған мамандық иелерімен оқушылар кездесу өткізетіні мәлім. Мұндағы мақсат арманындағы мамандық хақында нағыз еңбекке араласып жүрген қызметкердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысу болып табылады.
Шағын залға кіргенімізде қаз-қатар жиылған мектеп оқушылары күтіп алды. Негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Тереңөзек кенті клубы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Жастар жылына орай «Біз жалынды жастармыз» тақырыбында кездесу кешін өткізу жоспарланған. Біршама уақыт ішінде оқушылар кештің әрбір кейіпкерімен танысып, мамандығы жайлы сұрауға талпынған. Кеш жүргізушісі қонақтардың өмір жолына тоқталып, қазіргі таңда аудан көлемінде еңбек етіп жүрген жастардың қызметін жан-жақты айтып берді. Бізде санамызға түйгенді оқырман назарына ұсынуды жөн көріп, кеш кейіпкерлерінің өмірін жан-жақты зерттеуге тырыстық.
Алғашқы кезекте адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жан дәрігердің қызықты бастан өткендері мен мамандыққа келудегі мақсаты сөз етілді. Мектеп қабырғасында жүріп, дәрігер боламын деген арманы білімді болуына жол ашады. Қалаған мамандыққа түсу үшін үздік оқу керектігін ұғынады. Жауапты мамандықтың жүгін арқалау кімге болса да жеңіл соқпайтынын сезеді. Бірақ, кейіпкеріміз Үмбігүлсім Ақназарова қалаған мамандықтың тізгінін ұстауға талпынады. Халық денсаулығын жақсарту үшін медицина саласының күрделі функциясы мен озық тетігін меңгеру жолында бойжеткен тайсалмай ізденіске екпіндеп, бар күшімен кіріседі. Соның арқасында жалпы тәжірибелік дәрігер атанып, бүгінде аудандық емханада қызмет етуде. Өз кезегінде мамандыққа қатысты сауалға жауап берген Үмбігүлсім Ақназарова:
– Мен дәрігер ретінде күн сайын сан түрлі адаммен жолығамын. Сырқаты бойынша дәрігер кеңесіне жүгінетін әрбір науқастың жай-күйін саралау бізге қойылған міндет. Алдымызға қандай кісі келсе де, медицина тәртібі бойынша сыпайылылық таныту парызымыз. Мамандығымды сүйгендіктен халықпен жұмыс жасау мен үшін ауырлық етпейді. Қайта күн сайын мамандығым арқылы бір адамға көмегім тисе, қуанамың, – дейді ақ халатты жас маман.
Бұдан кейін мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жас маман Жайна Дайрабайқызы өзінің аталмыш мамандыққа қалай келгендігі жөнінде айтып өтті. Талай байқауда жүлдегер атанып, биік белесті бағындыруға талпынған мәдени ұйымдастырушының бойында талант болуы құптарлық. Тереңөзек кент клубында қызмет ете жүріп, жас дарынмен жұмыс жасауды тоқтатпайды. Үлкен сахнада ән айтып, көпшілікке жүргізушілік қабілетімен де танылады. Мәдениеттің белді мүшесі атану үшін елге қызмет етуді мақсат тұтады. Сәл ойланып кідіріс жасаған Жайна Дайрабайқызы мәдениет саласына қалай келгені жөнінде айтып берді.
– Тоғызыншы сынып оқып жүрген кезім. Көше балаларымен әлі күнге ойыннан бас алмай жүрген уақыт. Бір мезетте дереу үйге қайтуымды бұйырған дауыс естілді. Үйге келген мезетте әкемнің науқастанып жатқандығын аңғардым. Мен келген сәтте көп ұзамай дүние салды. Сонда ғана әкесінің ерке қызы ретінде әлі күнге ойынға тоймай жүргендігімді байқадым. Әкем қайтқаннан кейін бізді жеткізу анамның мойнына жүктелді. Үнемі қиналған анамның жүзінен мұңды байқаған кезде өз еңбегіммен оқуға түсетіндігімді шешіп қойдым. 11 сыныпта үздіксіз дайындықтың арқасында ҰБТ-дан шекті балды жинаған болатынмын. Дегенмен, сұранысы жоғары мамандықты таңдап, тегін білім алудан қағылдым. Осылайша, бұйырған оқуды оқу мақсатында Қызылорда қаласындағы «Қазақ-қытай» акадамиясына оқуға түстім. Артынша көп ұзамай оқу орнының басшылығынан колледжде екінші мамандықты грант жүзінде оқу ұсынылды. Қуана қабыл алып, екі оқуды да тегін бітіріп шығуға мүмкіндік туды. Өзім мәдениет саласына қызықаныммен диплом бойынша жұмыс жасап жүрдім. Арасында кент мәдениет үйінде өткізіліп тұратын кез келген шараға қатысып, қабілетімді көрсетуге тырыстым. Соның арқасында мәдениет ма­ман­дарының назарына ілігіп, бала күннен арман болған мамандық иесі атандым, – дейді таланты өнерпаз.
Кезекті кейіпкеріміз халық баласын ағартудың қыр-сырына қаныққан. «Білім – таусылмайтын байлық» дегенді жадына түйген Гүлжайна Жаппарбекова №131 Талғат Қозыбаев мектебінде ағылшын пәнінен сабақ береді. Заман талабына сай ағылшын тілін шәкірттеріне үйреткен жас мұғалімнің білімге деген құштарлығы бала күнінен оянады. Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықты тандауда қателеспеген ол ағылшын тілі мамандығының болашағы зор екеніне сенеді. Ұстаздықтың қадір-қасиетін ұғынған оның бойында педагогке тән биязылық жатыр. Ұстаздың күнделікті өмірін тілге тиек еткен жас маман өткен мен бүгіннің айырмашылығын атап өтті.
– Бүгінде ұстазға қойылатын талап жоғары. Күн сайын жаңа технлогияны игеріп, сабаққа озық тәжірибені енгізу дәстүрге айналған. Шәкірт бойындағы қабілетті ашуда оқу бағдарламасы күн санап өзгеріске ұшырап келеді. Дамыған білім мазмұнын електен өткізіп, балаға үйретуге тырысамыз. Оқимын, ізденем деген адамға мүмкіндік толы, – дейді жас педагог.
Осылайша мамандық таңдау кешінде ән айталып, шағын көрініс қойылды. Оқушылар кеш қонақтарына сауалын жолдап, тұщымды жауап алды. Бұдан бөлек кеш қонақтарына естелік сыйлық табыс етілді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 наурыз 2019 ж. 1 216 0