БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУДЫҢ ҚАҒИДАСЫ
Жарқын болашақтың айқын бағытын ұстанған еліміздің әрбір жасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Заман талабына сай жасампаздықтың үлгісін қалыптастырған олардың белсенділігі қашанда назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда дамыған озық технологияны игеру басты мақсатқа айналып отыр. Алға ұмтылу арқылы үнемі өз деңгейін саралау маңызды. Қолынан іс келетін жекелеген тұлғаның кәсіптің дегеніне көне отырып, табысқа жетуге деген құлшынысы бәсеңдемеу керек. Осы ретте өз қызметінің нағыз маманы атануға ұмтылыс жасаған жастардың шоғыры білім саласында да жетерлік. Олардың жан-жақты алға қарай қадам басуында ыждағаттылық пен білімділік, тапқырлық пен ашықтық, жасампаздық пен белсенділік байқалады.
Жастар жылы аясында ауданда білім бөлімі және білім қызметкерлері кәсіподағы жанынан аталған сала жастарын бір арнаға ұйыстыруға арналған «Сырдария» жастар кеңесі құрылған болатын. Әр елді-мекен мен кентке қарасты білім ордаларының жастары өз ойын, идеясын жүзеге асыру шеңберінде жастар кеңесінің жұмысын жоспарлы атқарып келеді. Мұнда кеңестің әрбір мүшесі өз ойын ортаға сала отырып, әрбір мәселенің шешілу жолын қарастырады. Жақында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп лицей базасында аталмыш кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бастар тың қадам» тақырыбында бизнес-тренниг өткізілді.
Шара барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы – «Атамакен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ф.Әбжаппаров, менеджер-консультанты Г.Құрмантаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері З.Білісбаева қатысып, жастарға кәсіпкерлік негіздері мен бизнес әліппесін игеруді түсіндірді. Жалпы кәсіппен айналысудағы ескеру керекті кез келген мәселе назардан тыс қалмады. Қаржыны дұрыс бағытта жұмсау, табыс көзін арттыру, бизнес жүргізу барысында қатаң сақталатын қағиданы ұстану парыз. Болашағы бар кәсіпке инвестиция құйған жағдайда табысын арттыра түседі. Өйткені, бизнес идеяның өзегінде үш бағыт болуы қажет. Атап айтқанда сіздің идеяңыз тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, табысты болуы, кәсіпкерді моральдық тұрғыдан қанағаттандыруы алдыңғы орынға қойылады. Кәсіпкер болудың негізгі тетігін қалыптастыруда адам бойында табандылық, мықтылық, ұйымдастырушылық, сауаттылық, ұқыптылық керек-ақ.
Өз кезегінде білім саласының жастары арнайы келген мамандарға сауалдарын жолдап, ұтымды жауап алды. Бизнес ашуға мүмкіндігі жоғарылығын жан-жақты таразыға салып, бизнес-идеяны құру жолдарын меңгерді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ