ТЕРЕҢӨЗЕК КЕНТІНДЕ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ
«Бүгін Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде есеп беру жиыны өтті»,- деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың "Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев, Тереңөзек кенті әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ұзақбаев, Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Нұрболат Қасымханов кент тұрғындарына атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Есеп беру жиынына облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, кент тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есепті кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатын жиында аудан басшысы Ғанибек Қазантаев 2017 жыл аудан үшін табысты болғанын атап өтті. Ауданға 44,2 млрд.теңге инвестиция тартылғанын айтып, барлық салада өсім бар екенін жеткізді. Сонымен бірге, жоспарлар артығымен орындалғанына кеңінен тоқталды. Есепті кездеуде Тереңөзек кенті әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ұзақбаев аудан орталығында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндаса, Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Нұрболат Қасымханов қылмыспен күрес, алдын алу және болдырмау бағытында атқарылған жұмыстардың есебін берді.