Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Сіздерді шуақты көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен Сырдария ауданының барша ер-азаматтарының атынан шын-жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
«Отан – отбасынан басталады» десек, отбасының тірегі – ер-азамат, ал жүрегі – ана. Сол себепті, дана халқымыз ұрпағын дүниеге әкеліп, бағып-қағып, жүрегінің жылуын аямаған аналарды ардақтай да, аялай да білген. Оларды адамзат өміріндегі ең жоғарғы құндылықтар – Отанға, Жерге, Тілге, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне теңеген.
Қашан да еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған Анадан құдіретті, Анадан ардақты, Анадан аяулы ешкім жоқ. Отбасының берекесi, барша адамзаттың тәрбиешiсi де – Ана.
Бір ғана «Әйел-Ана» ұғымына дөңгелеген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған Аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу, мазмұнды балама болмақ.
Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, әдемілік пен әділдіктің, ауызбіршілік пен сыйластықтың үлгісі болған, ерлігі мен еңбегі елге сіңген талай ардақты Аналардың өнегелі өмірі, сырлы шежіресі аңызға айналып, ел ауызында жүр. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Күләнда Әбдраманова, Балдырған Мұстафаева, бүгінде ортамызда жүрген Бексұлу Синаева, Райкүл Жалғасбаева, Балапан Арзымбетова, Рысты Өкшебаева тағы да басқа апаларымыз бар.
Ардақты ақ жаулықты аналар, арулар, қымбатты 
қыз-келіншектер!
Қашанда қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол сан түрлі мәселелерге де белсене араласатын қоғам мүшесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. Барлық жетістігіміз Сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», - деген сөзі бұған айқын дәлел. 
Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Қазіргі қазақ әйелі қабілеті мен қарымына қарай көшбасшы бола алатынын да дәлелдеді. «Әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қайраткер» ұғымдары өмірімізге енді. Бір ғана мысал, аудандық деңгейде мемлекеттік мекемелердің тоғызын қыз-келіншектер басқарып отыр. Ал, мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 152 адам болса, оның 55-і немесе 37 пайызы қыз-келіншектер. Бұл мемлекетіміздің нәзікжандыларға деген қолдауы мен қамқорлығы. Бүгінде алтын құрсақты аналарымыздың 1219-ы көпбалалы аналар, оның 590-ы «Алтын алқа», 629-ы «Күміс алқа» иегерлері.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен партияның кезекті XVIII съезінде көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажеттігіне тоқталып, Үкімет пен әкімдерге бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуды міндеттеді. 
Осыған сәйкес Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлем 20 789 теңге көлемінде белгіленді.
Елбасы сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды және бұл шараларға 2019-2021 жылдары қосымша 300 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.
Бұл ретте, әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты -әлеуметтік келісім-шарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала береді.
Өткен жылы 57 әйелдердің жобалары қаржы ұйымдары арқылы несиелендіріліп, олар өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 12-і «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқытылған жұмыссыз әйелдер.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының қорытындысы бойынша өткен кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкер Ашабаева Дана Нәбиқызы «Үздік бастаушы кәсіпкер» байқауының жеңімпазы болып, облыс әкімінің 1,0 млн теңге сыйақысымен марапатталды.
Осы орайда, қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып жүрген Аналарымызға, қыз-келіншектерге зор алғысымды білдіреміз!
Осы мерейлі жылдың да маңызды шараларының жоғары деңгейде өтуіне Сіздердің де қосар үлестеріңіз мол боларына сенемін!
Сабыр мен төзімнен жаралған аяулы аналар мен қыз-келіншектер мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Дендеріңізге саулық, сән мен сымбат, отбастарыңызға құт-береке, жақындарыңызға амандық тілейміз! Еліміз еңселі, Елбасымыз аман, төрт құбыламыз түгел, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Құрметпен,
Ғанибек Қазантаев,
Сырдария ауданының әкімі
08 наурыз 2019 ж. 1 391 0