АНА – ТІРШІЛІКТІҢ ТІРЕГІ
«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде мәдени шара өтті. «Ана –тіршіліктің тірегі» тақырыбында өткен мерекелік іс-шараға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ақ жаулықты аналар және қазіргі таңда жемісті жұмыс жасап жүрген қыз-келіншектер, аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова сөз сөйлеп, аяулы әйелдер мен қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтады.
– Қасиетті Жер-ана бусанып, қар астынан алғашқы бәйшешектер бой жазатын, жер-дүние мейірлене түсіп, күн шуағымен арайланатын көктемнің әсем мерекесі құтты болсын! Барлық уақытта халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана.Сіздер отбасының түтінін түзу ұшырып қана қоймай, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде шексіз еңбек сіңіріп келесіздер. Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының береке-бірлігі, ұйытқысы ғана емес, олар - бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтатын, несібесін молайтатын аса қажырлы да қуатты күш. Ауданымыздың сан алуан саласында белсенді еңбек етіп, ел ырысын арттырып жүрген әйелдер, Сыр аналары соның дәлелі,- деген аудан әкімінің орынбасары ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан абзал аналар мен қыз-келіншектерге Құттықтау хатын, гүл шоқтарын табыстады. Сонымен бірге, ауданның 90 жылдық мерекесіне орай өткізілген «Сырдария аруы» байқауының бас жүлдегері Бақытбекова Әлия Алматқызына тәж кигізді.
Шарада әсем әндер айтылып, көріністер қойылды. Шараны тамашалаған абзал аналар мәдени шарада мерекелік көңіл-күйге бөленіп, қуанышпен тарқасты.
Е.СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
Пікір 2