МӘДЕНИЕТ ӨЛШЕМІ
«Парыздан артық биік шың жоқ», – демекші, халық алдындағы сөздің құнын түсірмеу әрбір қазақтың міндеті. Сыпайылық пен дөрекеліктің сөз арасындағы көрінісіне жиі ұшырасып жатамыз. Кез-келген жағдайда мәдениеті жоғары азамат сабырлылыққа шақыра алады. Бүгінде сөз айналасындағы қатаң қағиданы ұстану кей жағдайда мүмкін болмауы ықтимал. Ендігі кезекте, жалпы адам әрекетінен туындайтын сөйлеу дағдысын қалыпқа келтіру жолына басымдық береміз.
Күн сайын үйден шыққаннан қайта оралғанға дейін сан түрлі адамды кезіктіресіз. Сөз мәдениетінің алғашқы баспалдағыжөнді «сәлемдесу» екені анық. Барынша иіліп, құрмет көрсеткен жағдайда жаныңыздағы серігіңіздің зор ілтипатына ие боласыз. Әрі қарай ортақ пікір алмаса отырып, көкейде тұрған сауалға жауап таба аласыз. Ойдағы күмәнді сейілту мақсатында түйткілді мәселені қозғауға мүмкіндік туады. Бұның барлығы адамның алғашқы сөйлеудегі мәнеріне тікелей қатысты. Кейде ортақ түсініспеушілік туындаған сәтте эмоциямызды тежей алмау арқылы қолайсыздық тудыратынымыз тағы бар. Сіз туралы жақсы пікір қалыптастыру үшін ең алдымен сөздің орынды айтылуына іштей талдау жасау қажет. Орынсыз килігудің ақыры екі адам арасында салқындық туғызады. Мәдениетіміздің өлшемі сөздің қуаттылығына байланысты. Жеңіл ойдың жетегіне еру кімге болса да абырой әпермейді. Қашанда аузынан жақсы сөз шықпайтын адамның қарекеті әр тарапқа құбылып отырады. Жұртшылық арасында дөрекеліктің кеңінен таралған түрі – мән-мағынасыз «былапыт» сөздер екені аян. Мұндай көрініс отбасында, көшеде, қоғамдық орында, белгіленген ортада, жастар мен ересектер арасында кездеседі. Енді өсіп келе жатқан балаңыздың көзінше жөнсіз сөйлеу, тікелей тәрбиесіне әсер етеді. Кейіннен ата-анасы көрсеткен тәлімі негізінде баланың сөйлеу тілінде өзгеріс байқалады. Расында, бала алдында әдептілік пен сыпайылылықты көрсету тәрбиенің асқан құндылығын ұғындырады.
«Жақсының жаны – жаннат» дегенді қаперге алған әрбір адам сөйлеу мәдениетінің тазалығын сақтауға құқылы. Адам бойындағы қадір-қасиетті арттырудың бірден-бір жолы өзара қарым-қатынас жасау тетігін жетілдіре отырып, орнықты сөйлеудің айқын жолын ұстану керек. Шындығында жүрекке жеткізе айтатын сөз шеберінің ұтымдылығы – мәдениетінің биіктігімен дараланады. «Сөз жерден ауыр, күннен жылы» дегендей біреуге артық сөз айтпас бұрын ойланып, көңіліне қарау құптарлық. Өйткені, бір сөзбен адамның жанын жадырату мен құлазыту өз қолымызда. Әрбір қоғамда тұлға ретінде қалыптасқан азамат сыпайылылық пен дөрекеліктің ара-жігін ажырата алғанда саналы түрде өзгенің құрметіне ие болады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ