Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙЛАСЫН АСЫРҒАН АЛАЯҚ

АЙЛАСЫН АСЫРҒАН АЛАЯҚ


Халық арасында кеңінен таралған қылмыс түрі – алаяқтық десек артық айтқандық емес. Қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселені жою мақсатында сан түрлі шара қолданылғанымен азаймай келеді. Бұл жерде алаяқтықтың күре тамыры күн санап тереңге бойлап, қарапайым халық зардап шегуде. Басты нысаны адамды алдап, қолындағы барын жымқыру болып табылады. Қазіргі таңда, ғаламтор желісі қарыштап дамыған шақта, бұл қылмыс түрімен айналысатындар көбейген.
Кез-келген әлеуметтік желі арқылы жарнамасын келістіріп, тұтынушы тауарды, тұрғын үйді, пайдалы затты арзан, қолжетімді бағада сататыны жайлы айтып, елді еліктіріп әкетеді. Оған сенген қарапайым халық қолындағы қаражатын көрсетілген есепшотқа немесе жекелеген адамға береді де санын соғып қалады. Нағыз алаяқтықтың көрінісі бір тауарды нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен бағада ұсыну. Әсіресе, денсаулығы сыр беріп, емделуге ең қолайлы деп шешкен кісілер көбіне интернет арқылы түрлі дәрілерге тапсырыс беріп жатады. Бірақ, оның соңы өкінішке әкеліп жатады. Актив жиынында аудан прокуроры Е.Алмазұлы қашанда өзге біреудің алдауына түспеуге шақырды. Кез-келген сату мақсатында ашылған сайттың шынайылығына көз жеткізіп, ақырында келісімге келу керектігін қадап айтты. Ол тауарды ұсынған азамат ел аумағында болмауы да мүмкін. Алаяқтарға алданған жағдайда оны іздеу процесі ұзаққа созылуы ықтимал. Кей жағдайда алаяқтар ұсталмай құтылып кетіп жатады. Сондықтан тұрғындар ауылға келген бөтен адамды байқаған мезетте учаскелік полиция инспекторына хабарлаған жөн. Айласына құрық бойламайтын олардың мақсаты айқын. Өзіңізге жанашырлық танытамын десеңіз біреудің айтқанын істеп, қателікке бой алдырмауға шақырамыз. Арзан затқа қызыққаннан құр алақан қалатындығыңыз тағы бар. Ендеше, жау алыстан келмейді, тек сақтанғанда ғана алаяқтың қармағына түспейсіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

30 қараша 2018 ж. 972 0