ОМЫРАУЫНА ОТЫН ЖАРСАҢ ДА ОЯНБАС
Адам күнделікті өмірде кез-келген жәйтті бастан өткеріп, сан алуан тағдырдың тосын сыйына тап болады. Кейде алдын ала жоспарлаған жұмыстың жемісті болуына тиімді әрекет ету арқылы айқын нәтижеге қол жеткізе аламыз. Айналаңда мыңдаған адам өзің секілді тіршілік қарекетімен тынымсыз еңбек етіп, үлкен белесті бағындыруға ұмтылу үстінде. Өз күшімен межелеген, алға қойған мақсатқа жеткен жағдайда жан рахатын сезіне аласыз. Қаншама рет биіктен құлдилап құлап, қайта тұруға талпынған сәтте бойындағы жігерді шыңдауға мүмкіндік туады. Қай істе де болмасын еш уақытта өзіне білінбейтін, бірақ кері тартып тұратын адам бойындағы қасиеті, һәм басты жауы жалқаулық екені бесенеден белгілі.
Ішкі түйсікпен санаса отырып, күрмеуі шешілмес түйінді тарқатуға да болады. Қоғамның жанды тауары адамның ойлап таппайтын жаңалығы, өзгеден озу үшін ұтымды ұтқырлығы, жоқ жерден пайдаға асыратын тапқырлығы таңғажайып секілді. Бірақ, бұның барлығына кез-келген ақыл иесінің қабілеті жете бермейді. Бұған себеп, буыны қатаймаған тұста өз мүмкіндігін жоққа шығарып, жалқаулыққа бір табан жақын болуы десек артық айтқандық емес. Алғашқыдан келешегі жарқын боларына сенімсіздік танытқан олардың өмірге деген құлшынысы бәсеңдей береді. Күні бойы жер басып жүруге, саф ауамен тыныстауға мүмкіндік сыйлаған Тәңіріне шүкірлік етпестен жатып ішіп тойынған, адами тұрғыдан азып-тозған талай жанды көріп жүрміз. Қайтпек керек, қаншама рет жанына батырып айтылған сөзден нәтиже шықпағанда бауыр еті жақыны қынжылатыны сөзсіз. «Жалқауға сөз, шабанға қамшы өтпейді» дегендей бүгінгі қоғамда қаншама адамның еріншектің етегіне жармасқан шынайы бейнесі айқындалған іспетті.
«Еріншекке табалдырық та асу» демекші, ауыр жүкті көтеруге қауқарсыз жан өне бойы дәрменсіз күй кешеді. Одан қалды болашағына залал келтіріп қана қоймай оңай олжаға дәмесі де зор болады. Нақты белгіленген жұмысты кейінге қалдыру арқылы түпкілікті жауапкершіліктен жалтару адамгершілікке жатпайды. Жұрт жасаған іспен шұғылдану еріншек адам үшін тау-тасты қопарғанмен бірдей. Барлығына қолыңды бір сілтеген мезетте саған шынайы жанашырлық танытқан адамның жек көрушілік сезімін оятатыныңыз тағы бар. Десек те, шын үмітпен қараған жанның сеніміне селкеу түсірмеу кез-келгеннің қолынан келмейтіні хақ.
Санаулы уақыт шеңберінде кәдімгідей үнемі қайталанып тұратын жалқаулық жұрнағын күйрету үшін адам рухын оята білуі тиіс. Сәт сайын болашаққа бағдарлай қарап, құр босқа уақытыңды жоғалтпай еңсеңді тік көтергенде ғана жалқаулық шекпенін тұла бойыңыздан ажырата аласыз. Бұрын ойлаған арманыңызға жету жолындағы кедергіні құлдырату асқан ыждағаттылық пен сабырлылықты қажет етеді. Қашанда жоғарыда көрсетілген нақты дәлел барлық адамның бойынан табылады. Бір-бірімізден айырмашылығымыз күнделікті күшіміз жеткенше икемді іспен шұғылдануымызда. Расында, еңбекқорлық, табандылық, жаның қалаған жұмыстан ләззат алу шынайы бақыттың бөлшегі саналады. «Кімде-кім өткенін жадында ұстамаса, сондағы қателіктер алдынан қайта шығуы мүмкін» демекші қысаң қағидадан арылып, жаңа өмірге ұмтылу кімге болса да керек-ақ. Ендеше, өткен күннен сабақ алып, жалқаулық атаулыдан ада болайық.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Пікір 2