НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ
Аудандық мекемелер үйінің мəжіліс залында аудан əкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлының қатысуымен əдістемелік семинар өтті.
Аудан əкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен кент жəне ауылдық огругі əкімі аппараттарының əлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында ұйымдастырылған семинарға өкіммен, бұйрықпен бекітілген жауапты мамандар қатысты.
Əдістемелік семинарда аудан əкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы баспасөз қызметі 2018 жылды жемісті қорытындылағанын айтып, атқарылған жұмыстар мен алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды.
– Қазіргі таңда атқарылған жұмыстарды, жетістіктерді кеңінен ақпараттандыру аса маңызды екенін уақыттың өзі дəлелдеді. Əрбір мекеменің əлеуметтік желіге жауапты маманы жүргізіліп жатқан жұмыстарды əлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы халыққа насихаттау керек. Бұл бағытта ауданда қалыптасқан оң тəжірибе бар жəне оны əрі қарай жетілдіру қажет. Жалпы, өткен жыл баспасөз қызметі үшін жемісті болды, бұл - бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі. Дегенмен, атқарылуы тиісті жоспарлы жұмыстар да бар,- деген аудан əкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы əрбір дербес бөлім мен ауыл əкімі аппараттары бұқаралық ақпарат құралдарымен əріптестік бағытта тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге, əлеуметтік желі арқылы қойылатын сауалдарға уақытылы, сапалы жауап беру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Əдістемелік семинар соңында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.