Жаңа салық кодексі: Ел экономикасындағы жаңа кезең
Әрбір мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы оның салық жүйесінің қаншалықты әділ, түсінікті және тиімді болуына тікелей байланысты. Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл – тек заң құжатының жаңаруы емес, ел экономикасындағы жаңа кезеңнің басталуы. Кодекс бюджеттің кіріс базасын нығайтуға, салық салудағы әділдікті арттыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.
Басты мақсат – әділ және ашық жүйе
Жаңа кодекстің негізінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін толық көлемде орындауға мүмкіндік беретін тұрақты бюджет қалыптастыру идеясы жатыр. Мектеп, емхана, жол, коммуналдық инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау – бәрі де бюджет қаражатына тәуелді. Сонымен қатар құжат салық төлеушілерге ыңғайлы жағдай жасауды, салық әкімшілігін қарапайымдандыруды және экономиканың ашықтығын арттыруды көздейді. Осы мақсатта 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары да бекітілген.
Қосылған құн салығы: не өзгерді?
Жаңа кодексте ең көп талқыланған өзгеріс – қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты. Оның базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді. Бастапқыда ҚҚС-ты 20 пайызға дейін арттыру ұсынылғанымен, кәсіпкерлер қауымдастығымен талқылаудан кейін 16 пайыздық нұсқа бекітілді.
Қарапайым мысал келтірейік. Бағасы 450 теңге тауарға бұрын 54 теңге ҚҚС есептелсе, 2026 жылдан бастап бұл сома 72 теңгені құрайды. Алайда әлеуметтік маңызы жоғары салаларға жеңілдіктер сақталған. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылы 5 пайыз болса, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыз болады. Сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиеттерге және кейбір баспа басылымдарына төмендетілген мөлшерлеме көзделген.
Тағы бір маңызды жаңалық – ҚҚС бойынша міндетті тіркелу шегі 20 000-нан 10 000 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендеді. 2026 жылы бұл шек 43 250 000 теңгені құрайды. Яғни жылдық айналымы осы соманы асатын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.
Корпоративтік табыс салығы және салалық мөлшерлемелер
Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде сақталды. Дегенмен кейбір салалар үшін өз ерекшеліктері бар:
•Банктер мен ойын бизнесі – 25 пайыз.
•Ауыл шаруашылығы өндірушілері – жеңілдетілген 3 пайыз мөлшерлеме сақталды.
•Әлеуметтік сала ұйымдары – 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылы 10 пайыз. Білім беру мекемелері бұрын бұл салықтан босатылған болатын, енді олар да төлеуші қатарына кірді.
Кәсіпкерлерге арналған режимдер
Жаңа кодексте арнайы салық режимдерінің саны қысқартылып, олар жүйеленді. Жеңілдетілген декларация негізіндегі режим сақталғанымен, оның жекелеген тұстары өзгерді. Ал жеке тұлғалардың табыс салығына қатысты өзгерістер жұмыскерлердің қолына тиетін табысты біршама арттыруға мүмкіндік береді. Әрбір кәсіпкер өз қызметіне сәйкес келетін режимді алдын ала таңдап, салық органдарынан кеңес алғаны жөн.
Алғашқы нәтижелер
Жаңа салық саясаты алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Үкімет мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16 пайызға өсті. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 триллион теңгені құрап, жоспар 100,6 пайызға орындалды. Бұл – бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Азаматтар мен кәсіпкерлерге кеңес
•Өзгерістермен танысыңыз. Кодекстің жаңа нормаларын, төлем мерзімдерін және есептілік тәртібін алдын ала біліп жүріңіз.
•Электрондық сервистерді пайдаланыңыз. «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы берешекті тексеріп, декларацияны тапсырып, төлемді онлайн жасауға болады.
•Кассалық және есеп жүйесін жаңартыңыз. ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруіне байланысты есеп жүйелерінде жаңа мөлшерлемелер дұрыс көрсетілуі тиіс.
•Күмән туындаса, маманға жүгініңіз. Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әрдайым дайын.
Қорытынды
Жаңа Салық кодексі – ел экономикасының болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Оның табысты жүзеге асуы мемлекеттің де, салық төлеушінің де ортақ жауапкершілігіне байланысты. Салықты уақытында әрі адал төлеу – әрбір азаматтың елдің гүлденуіне қосқан нақты үлесі. Бірлесе жұмыс істесек, жаңа кезең барлығымыз үшін тұрақты өсім мен әділ жүйенің кезеңі болары сөзсіз.
Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ











