Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚҚА – ҮМІТ, ЖАСТАРҒА – СЕНІМ

БОЛАШАҚҚА – ҮМІТ, ЖАСТАРҒА – СЕНІМ


Кеше осы тақырыпта аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың қаты­суымен жастар жы­лы­ның салтанатты ашылуы өтті. Оған ел ағаларымен бірге өз білігімен түрлі жетістіктерге жетіп жүрген және ауданда әр салада еңбек етіп келе жатқан 300-ге жуық белсенді жас­тар, жас кәсіпкерлер, студенттер мен оқу­шылар қатысты.
Жастар форумы алдында аудан әкімі инновациялық жобалар, қолөнер туындылары қойылған көрмені тамашалады. Арнайы көрмеде білімді, өнерлі, кәсіпкер жастар өз жұмыстарын таныстырды.
Салтанатты жиында аудан басшысы жиналғандарды жастар жылының басталуымен құттықтап, бұл мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам екенін атап айтты.
– Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жас буын екенін әсте естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор, – деген аудан басшысы мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы аясында ауданда 716 маман көтерме жәрдемақы, 478 маман тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік несие алды. Ал осы жылға көтерме жәрдемақыға 85 маманға, тұрғын үй несиесіне 53 маманға қаржы бө­лінген. Сондай-ақ, жастарды тұрақты жұмысқа орналас­тыру, өз кәсіптерін ашуға қолдау көрсету жұмыстары да жүйелі жүзеге асуда.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ғ.Қазантаев елімізде кейінгі толқынның әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу, жас адамдардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отырғанын айтты. Бұл арада, қолжетімді және сапалы білім, жұмысты болуы, бас­пана және отбасын құру мүмкіндігі басты назарда. Осыған байланыс­ты Елбасы Үкіметке тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Мәселен, бірінші кезекте жас отбасыларға арналған баспана мәселесін шешу. Бұған бүгінде жүзеге асып жатқан «7-20-25» бағдарламасының тиімділігі зор. Одан кейін, олардың жұмыспен қамтылуы – жас­тар саясатының негізгі бағыты. Мұның негізгі шешімі кәсіпкерлікпен айналысу екені анық.
– Жұмыссыздықты жоюдың бір ғана көзі бар – ол өз кәсібін ашу. Мемлекет басшысы Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді, жастар стартаптарын қолдау қорын құру­ды, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасына енгізі­ле­тін мамандықтардың тізімін кеңейтуді, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейтуді ұсынды, – деді аудан басшысы.
Келесі кезекте өнерлі, талантты, білімді жастарды қолдау шаралары жан-жақты жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, «Жастар – Ел тірегі» атты біртұтас жалпы­мемлекеттік жоба, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қарай «Жасыл Ел» қозғалысының базасында «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасы іске қосылатын болады. Оған қоса, «Жас сарбаз» бас­тамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру жұмыстары жүреді.
Өз сөзінде аудан басшысы жас отбасыларға, олардың денсаулығы мен әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету саласындағы көзқарасты айтарлықтай өзгерту маңызды екеніне тоқталды.
– Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдері мен отба­сылық өмірдің ыстық-суығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бас­таған жөн. Ана институтының қолдауымен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің бойында өз отбасына деген жауапкершілік сезімін қа­лыптастыру маңызды. Отбасылардың ажырасу мә­селесі бізді ерекше алаңдатады. Біздің әрқайсымыз өз тағдырымызды өзіміз жасаймыз. Өмірлік табысқа жету үшін, бірінші кезекте, отбасылық игіліктер мен кәсіби жетістіктердің кепілі болып табылатын зор денсаулыққа ие болу қажет, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң форумда өз саласында айтарлықтай жетістікке жеткен жастар сөз сөйледі. Олар бүгінгі күнге дейін өздерінің жеткен жетістіктерін жеткізіп, оған жетуде білім мен еңбекті ұштастырғандарын айтты. Қазіргі қоғамда жастардың белсенді болуын атап, егемен елдің дамуына үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар, жастар жылына қатысты жас ақын Орынбасар Тәңірбергенов домбырамен арнау жыр орындады.

Айтулы жылдың ашылуына арналған салтанатты шара ашық диалогта өрбіді. Онда жастардың ұсыныс-пікірі тыңдалды. Сөз жарысқа шыққан іңкәрдариялық Жансая Жаппасова жас кәсіпкер екенін жеткізді. Шалғай елді мекенде тұрса да өзінің ынтасымен кәсіппен айналысып, пайдасын көруде. Өткен жылдан бастап мал бордақылауды қолға алған. Оған қоса, тұшпара түйіп, ауыл көлемінде пайда тауып отыр. Ендігі жерде сол кәсіпті кеңейтуге ниетті. Ол өз сөзінде мемлекеттің жастарға деген қолдауын ұтымды пайдаланып, кәсіппен айналысу қажеттігін айтты.
Іңкәрдариялық жас кәсіпкерді үлгі еткен аудан басшысы ауданда жастардың кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылғанын тілге тиек етті. Жас буынның бос жүрмей белгілі бір жұмысты жасауы үшін қолдаудың көп екенін атап көрсетті. Бұл арада аудан әкімі жастардың аға буын өкілдерімен тығыз байланыста болып, ауылдағы шаруашылықтарда жұмыс жасаудан қашпау қажеттігіне тоқталды. Тіпті, Айдарлы ауылындағы «Орда» ШҚ төрағасы Досхан Болатұлы жас толқынды қолдау үшін жастар бригадасын ашып беруге ниетті. Соған ынталы жастар болса, аға буынның жұмысын ілгерілететіні сөзсіз. Түбінде сол елге ие болып қалатын бүгінгі буын иелері.

Сонымен бірге, қолдан келетін кәсіпті бүгінгідей мүмкіндік барда бастап кету қажет. Оған атқарушы билік тарапынан, мемлекеттен қолдау жетерлік. Осы орайда, аудан басшысы Жастар қоғамдық қорын құруды айтты. Бұл кәсіппен айналысатын жас буын өкілдеріне үлкен қолдау болмақ. Яғни, кәсіп бастауға ниетті жандарға қаржылай көмек беріледі. Кейін өз жұмысын дөң­гелеткеннен соң қаражат қорға қайтарылады. Ол өз кезегінде келесі бір жас кәсіпкерді қолдауға жұмсалады. Мұның бәрі заңды түрде іске асады.
Мұнан бөлек, аудан әкімі Сырдария агро-тех­ни­калық колледж студенттерінің жұмыспен қам­ты­луына тоқталды. Жыл сайын оқу орнын бітірген жастардың жұмысқа орналасуы айтарлықтай мәселе. Сол себепті де осы жылдың аясында кәсіптік білім игерген жас­тарды аудан көлеміндегі шаруашылықтарда, өзге де салаларда толық жұмыспен қамту шешілмек. Игі бас­тама іске асса алдағы жылдарда үрдіске айналмақ.
– Ауданымызда біраз игі істер жасалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, біраздан бері ұмыт қал­ған «Асар» сөзін қайта жаңғырттық. Ауданда асар әдісімен екі көпір салынды. Тағы да көпір түсе­ді. Тереңөзек орталығында «Әлеуметтік дүкен» жағ­дайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп тұр. Арнайы Заңмен бекітілген Қоғамдық кеңес те осы ауданнан басталды. Енді атаулы жылдың аясында Жас­тар қоғамдық қоры да жұмысын бастап, нәтижесін береді деген сенімдеміз, – деді аудан басшысы.
Жалпы, жастар форумы барысында өскелең ұр­пақтың кәсіпке бет бұруына басымдық берілетіні айтылды. Сондай-ақ, барлық саладағы жастарды қолдауға тиісті тапсырмалар берілді. Оның ішінде, кейінгі толқынның уақыттарын бос өткізбеуі үшін барлық елді мекенде «Коворкинг» орталығы ашылмақшы. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан жастар театры құрылмақшы. Және де жалынды жастар жылының құр жиынмен өтпеуі үшін жан-жақты жұмыс жасалатыны жеткізілді. Болашақтың иелеріне сенім артылып, жауапкершілік жүгі жеңіл емес екендігі айтылды.
Бойында жалыны бар жастарға еңбек ардагері Рақымжан Бәйменов ақ батасын берді. Форумды жас әнші Никита Мясцов «Атамекен» әнімен қорытындылады.

Е.БЕРКІНБАЕВ

19 ақпан 2019 ж. 1 821 0