Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ЖАСТАР КӨЗІМЕН

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ЖАСТАР КӨЗІМЕН

«СЕНДЕР, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БІЛІМДІ ЖАСТАРЫ, ӨЗ СОҚПАҚТАРЫҢДЫ САЛЫП, ОНЫ ЕЛДІ ДАМУҒА БАСТАЙТЫН ДАҢҒЫЛҒА АЙНАЛДЫРУҒА ТИІССІҢДЕР!»
Н.НАЗАРБАЕВ
Бүгінгі жаңа заман тәуелсіз елдің мұраты жастардың білімі мен біліктілікке талпынып әрекеттенуін, еңбектеніп өсуін талап етіп отыр. «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі сен екеніңді ұмытпа», - дейді Елбасы бір сөзінде. Осынау қанатты сөздің астарында мемлекет басшысының жастарға артқан үміті мен сенімі мол екенін аңғаруға болады. Әр жыл сайын Елбасының халыққа арналған жолдауында үнемі жастарды қолдап, оларға тек білім мен кәсіби маман болуға ұмтылу қажеттігін айтып отырады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек те, қолдау да бар. Тек сауатты адам болу керек.
Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімі мен «IZET» қоғамдық қоры бірлесіп жыл сайын дәстүрге айналған XVIII жастар форумын өткізді. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде бастау алған жастардың бас қосуы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру – жастар көзімен» атты тақырыпта өрбіді. Алғаш сөз алған «IZET» қоғамдық қорының директоры Ш.Үмбетов бүгінгі жас ұрпақтың қоғамдағы рөлі мен атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Елбасы мақаласы арқау болған форумда рухани жаңғырудың басты тетігі тарих пен өткенді жоғалтпау екені сөз болды. Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қ.Бозжанов арнайы келіп ауданының жастары атқарып жатқан жұмысқа оң бағасын беріп, «Біз дамыған 30 елдің қатарына қосылуды қаласақ аянбай тер төгуіміз қажет. Бұл тұста сіздерге, яғни болашақтың кілтін ұстар жас патриоттарға артылар жүк басым. Бүгінде билік пен үкімет барлық жағдайды жасап беріп отыр. Тек еңбектеніп, жоғары білімді азамат болуға қадам жасауымыз керек. Сонда ғана тәуелсіз қазақ елінің мәңгілік елге айналары сөзсіз»,- деді өз сөзінде.
Әр жыл сайын өткізілетін аудан жастарының форумында түрлі салада жетістікке жеткен жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. «Өрлеу» деп ат берген номинацияда ұстаз бен дәрігер де, ел тыныштығын күзеткен құқық қорғаушысы да, мемлекеттік қызметкер мен спортшысы бар. Осылайша, қорытындыланған жастар форумы Қызылорда қаласында орналасқан «Сырдария» лагерінде өз жалғасын тауып, онда түрлі тақырыпта семинар тренинг өтті. Барлық жастар топтарға бөлініп, спорттық шаралар мен оқыту сабақтарына қатысты. Шара соңында белсенділік танытып, көзге түскен жас азаматтарға арнайы «Алғыс хат» беріліп, сертификат табыс­талды.

Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
04 қыркүйек 2018 ж. 4 584 0