Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ ҮШІН ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

БІЗ ҮШІН ҮЛКЕН МҮМКІНДІК


«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, мемлекетте ел іргесінің мықты болуы үшін жастарды қолдау мәселесі үнемі басты назарда. Өйткені, осы заманғы біліммен қаруланған, көкейінде отаншылдық рухы маздаған, уақыт талабына сай білім игерген жастар – Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастырушылар. Сол себепті де қоғамда жастардың алар орны зор.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы кемел келешек иелері үшін зор мүмкіндік. Себебі, бұл жылда жастарды қолдау жұмыстары еселеп артатыны сөзсіз. Соның нәтижесінде, қоғам белсенділері Қазақстанның дамуына өзіндік үлестерін қоса білмек. Мұны «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде Ұлт Көшбасшысы атап айтты.
Елбасының қатысуымен өткен ашылу сал­­танатын жас белсенділер, ауыл жастары және мектеп оқушылары болып тамашаладық. Тамашалай отырып, ерекше қуандық. Өйт­кені, Мемлекет басшысы Жастар жылында жүзеге асатын міндеттерді атап көрсетті. Әсіресе, жас ұрпақтың кәсіппен айналысуына, өз бизнесін дамытуға көп көңіл бөлінген. Одан бөлек, ауылға барып жұмыс жасаймын деген жастардың жәрдемақыларын көбейту, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жастарға тұрғын үй беру мүмкіндіктерін арттыру, заманауи бағытқа бетбұрыс жасап, инновациялық-технологияны жетік меңгерген жастарға қолдау көрсету жұмыстары жандана түспек.
Жалпы алғанда, Ұлт Лидері жастарға мол мүмкіндіктер мен қолдаулар көрсете отырып, барлық істі жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Бұл орайда, аудан жастарымен де түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізліп, мемлекет дамуына үлес қосамыз деп сенемін. Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ екенін үнемі жадында сақтайтын жастар Елбасының бағыт-бағдар берген сара жолымен ілгері басып, тәуелсіз мемлекетімізді алға сүйрері хақ!

Ғани ОРАЛОВ,
аудандық Жастар орталығының атқарушы директоры
01 ақпан 2019 ж. 937 0