Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасампаздық жастарға тән

Жасампаздық жастарға тән


Иә, жастарды қозғаушы күш, сондай-ақ алып күш иесі дейміз. Шынында, қай мемлекетті алсаңыз да оның негізгі бөлігін жастар құрайды. Олар тіпті сол мемлекетті ілгері дамытуға өздерінің тиісті үлесін де қосып келеді. Мәселен, Жастар жылының ашылуында Елбасы атаған Марк Цукерберг, Билл Гейтс, Стив Джобстан бөлек бүгінде мол пайда тауып отырған «Snapchat» мобильді қосымшасын ойлап тапқан Эван Шпигельді, ирландық жас кәсіпкер Джон Коллисонды, «Вконтакте» әлеуметтік желісін ойлап тапқан Павел Дуровты атауға болады. Бұлар халықты жұмыспен қамтып, ел бюджетін толықтырып отырған жас кәсіпкерлер. Мемлекет басшысы атағандай, аталған жас миллиардерлер өз бизнестерін бастау алдында ауқымды қаржы ресурсына немесе үкіметтің қолдауына сүйенбеген. Өздерінің ізденімпаздығы, жасампаздығы, еңбекқорлығы осындай жетістікке жеткізді. Оларды үлгі ету арқылы Елбасы Жастар жылында қазақ жастарының да осы ұстаныммен белестерді бағындыру қажеттігін көрсетіп отыр.
Жас өнертапқыштар Қазақстанда жоқ емес. Атап айтқанда, кешегі жиында сөз сөйлеген «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Иван Крепак «Voicekomek» мобильді қосымшасын іске қосып, ақысыз ІТ сыныптар ашу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, 13 жасында Қазақ-Британ техникалық университеті ақпараттық технологиялар факультетінің 2 курсында оқып жүрген Абзал Мырзаш бүгінде маңызға ие латын қарпіне қатысты жобалар жасап шыққан. Екі жобаның бірінде диаграфтық тəсіл арқылы компьютердің пернетақтасына ыңғайлап қазақ-латын əліпбиін орнатса, екінші жобада кириллицадан латын қарпіне аударатын конвертерлік бағдарлама жасап шығарған. Оған қоса, өнеркәсіптік мақсатқа арналған алғашқы робот құрылғы жасап шығарған қазақстандық өнертапқыш Азамат Ешмұхаметовты, өзге де жас ғалымдарды айтуға болады. Міне, осындай жасампаз, жарқын жобалардың жүзеге асып, ел игілігіне қолдануға қолдау жасау үшін осы жылы жастарға зор мүмкіндік бар. Оның ішінде, мұндай көмектің инновациялық жобалармен айналысып жүрген жас ғалымдарға айрықша ықпалы зор.
Бұл жылдың бұрынғыдан өзге­рек болуының да себебі бар. Өйт­кені, қоғам­ның қозғаушы күшіне жауапкерлік жүгі еселеп артып, атқа­рылатын жұмыс көлемі ауқымды болмақ. Соған сай көмек те жасалады. Ең алдымен, жастардың бас­пана мәселесі оңтайлы шешім табады. Мұның бүгінде іске асып жатқан «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына тікелей қатысы бар. «Үйі жоқтың күйі жоқ» секілді жас отбасылар баспанамен қамтамасыз етілмесе, жарқын істер жасалмайтыны анық. Сондықтан жастардың бас­ты мәселесін шешу бұл жылы бірінші кезекте тұр.
Екінші кезектегі жұмыссыздықты жою – жастар саясатының негізгі мәселесі болып қала бермек. Мұнда басты басымдық кәсіпкерлікке беріледі. Жастар мемлекеттің қолдауымен немесе өздерінің бастамашылығымен кәсіп бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтығанда жұмыссыздық азаяды. Осыған орай, барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асып, кейінгі толқынға кәсіпкерлікке бағдар беріледі, оны дамытуға мүмкіндік жасалады. Түптеп келгенде, қазіргі жас­тар бәсекеге қабілетті болып, бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білуі қажет. Қоғам сұранысына сай жұмыс істесе, жоғарыда айтқан жас миллионер, миллиардерлер қатарынан көрінуі әбден мүмкін.
Жасөспірімдерді сапалы біліммен қамту – осы кезеңнің басты талабы. Бұл тұрғыда, әлемдік оқыту бағдарламасын қолдана отырып, жастардың өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндіктер жасалады. Яғни, елімізді технологиялық және цифрлы болашаққа дайындау үшін жастардың инновациялық жобалары септігін тигізеді. Сол мақсатта бұған қомақты қаржы құйылады. Айналып келгенде, білімді жастарды қолдау кемел келешектің кепілі екені айқын.
Жалпы, Мемлекет басшысы Жастар жылы аясындағы жаңа міндеттерді саралап берді. Оны жүзеге асыру тетігін де атап, Үкіметке тапсырма берді. Жыл көлемінде осы жұмыстар сапалы атқарылса, онда мемлекеттің де ондағы қозғаушы күштің де жағдайы жақсы болатыны анық.
Мемлекет тарапынан қолдау барда биылғы жылда жас­тардың белсенділік танытуы міндетті. Жауапкершілік еселеп артқанда бұған селқостық танытып, үнсіз қалу кейінгі толқынға сын. Оның үстіне, қазір көпшілік айтып жүргендей, Жастар жылын құр жиынмен өткізбей, жас толқынның маңызды қадамдарға баруы шарт. Оның ішінде, жасампаз жұмыстар көптеп жасалғаны қажет. Соның нәтижесінде, қазақ жастарының әлеуеті артуы тиіс. Шағын және орта бизнестің басында жас кәсіпкерлер тұруы да талаптардың бірі. Осы жұмыстар толығымен жасалғанда Жас­тар жылының мақсаты орындалатын болады.


Е.БЕРКІНБАЕВ
01 ақпан 2019 ж. 840 0