Шалғай ауылдағы коллекционер
Қазалы ауданының Тапа елді мекенінде тарихи жәдігерлерді жинап, көзінің қарашығындай сақтайтын Аманжол Жұмабеков есімді ақсақал тұрады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz «Qyzylorda» теларнасына сілтеме жасап.
Тапа елді мекені Қазалыдан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылмен аттас төбенің төңірегі толған құпия дерсің. Малшылар жайлаған маңайдағы 4 үйдің бірі Аманжол ақсақалдың шаңырағы. Қапзынаға толы қоржын тамда көзден таса көне шаһардың бар тарихы тұрғандай. Олай дейтініміз, ата кәсіптен ажырамай төрт түлікті түлеткен Аманжол Жұмабеков мал баға жүріп, топыраққа көмілген көне жәдігерлерді жинауды әдетке айналдырыпты. Әуесқой археологтың қорында 300-ден астам экспонат сақтаулы. Оның ішінде қыш құмыралар, дән үккіш, жебе жасауға арналған тастар, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұйымдар бар.
«Осы Тапаның аумағында 200 гектардай жерде үлкен құрақ болған. 1969 жылы осы маңнан ине құятын қалып тауып және бірнеше тастан жасалған бұйымдарды Алматы музейіне өткіздім. Қазіргі таңда менің қолымда 315 көне құйымдар бар. Олар қола дәуірінен және неолит дәуірінен қалған. Мен бұның барлығын өз ойымнан шығарып отырғаным жоқ. Қазақстанның ғалымдары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев те осы маңға келіп-кетуде. Олар менің жұмысыма қуанып, бағыт-бағдарын беруде», - дейді Аманжол Жұмабеков.
Аманжол ақсақал ертеректе бұл жерде қыштан құмыра құятын көне ошақтар болатынын айтады. Қолында 20-ға жуық құмыра мен оның сынықтары бар. Қарапайым ауыл тұрғыны Алматы мен Қызылордадағы археолог ғалымдармен байланыста. Әрбір тапқан заттарын мамандарға көрсетіп, ол туралы деректерді біліп отырады. Ғалымдар бұйымдардағы өрнектерге қарап қола дәуірінің мәдениетіне жатқызған. Жақында ғана қолындағы жәдігерлерді ауылдағы көшпелі көрмеде көпшілік назарына ұсынбақ.
«Күніге 2 сағат көне жәдігерлерді іздеуге шығамын. Сонда көбісі «жасы 70-ке келгенде мынаныкі не сандалыс деп жүр. Күлетіндер де бар. Бұл күлетін нәрсе емес. Бұл біздің ұрпағымызға тарих. Олар осы тарихты білулері қажет. Менің мақсатым – осы», - дейді Аманжол Жұмабеков.
Елу жыл жинаған қазынаны қомақты қаржыға сұрап келгендер де бар. Алайда, Абекең ата-баба тарихын сатылуды құп көрмепті.
«Ақшаға 10 мың долларға сат деп қытайлықтар да келді. Мен қазақтың, ұлттың тарихын сатып, қарғысқа ұшырағым келмейді. Олардан алған ақша маған не болады?! Менің өз дүнием өзіме жетеді. Бұл жердің өзінің астына бүгіп жатқан сыры бар. Біз соны зерттеуіміз керек», - дейді Аманжол Жұмабеков.
Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезім қалыптастырады деген. Шынында туған өлкесінің ғана емес, тұтас ұлттың тарихы мен тамырлас жәдігерлерін жиған қазыналы қарияның бар мақсаты келер ұрпақты өз тарихымен таныстырып, жұмбақ қаланың құпиясын тарихи негізде таразылау.