ТУҒАН ТІЛ – МӘҢГІ ӨНЕГЕ АЙДЫНЫ
Жыл сайын дәстүрлі түрде тойланып келетін мерекенің бірі – Қазақстан Республикасы тілдерінің мерекесі. Бұл мереке тәуелсіз еліміздің, береке-бірлігіміздің, ынтымағымыздың нақты көрінісі екені баршаға мәлім. Туған тіліміз жайлы толғамаған ақын жоқтың қасы. Біртуар қаһарманымыз Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген болатын. Осы сөздің астында қанша мағына жатыр.
Елдің ел болуы үшін елдігінің, туған тілі мен дінінің орны ерекше. Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың ұғымдық белгісі. Адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Әрбір ұлт өкілдерінің парасат-пайымы, білім деңгейі, көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы, болмысты тануы, игеруі тілде бейнеленеді, тілде сақталады. Тіл аса нәзік қоғамдық құбылыс. ХІ ғасырдың ғұламасы Махмуд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп барлық ұлттың, елдің келешегі, рухани құндылығы тілінде екенін айтып кеткен.
Жақында «Достық үйінде» 22 қыркүйек тілдер мерекесін насихаттау мақсатында «Тіл мәртебесі – ұлт мәртебесі» тақырыбында орталық кітапхананың ұйымдастыруымен сайыс өтті. Сайысқа №35 және №210 мектептің 7 сынып оқушылары қатысты. Жеті кезеңнен өткен сайыста екі топ, яғни «Достық» және «Достар» тобы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен қойылған сұрақтарға жауап беріп өз шеберліктерін көрсетті. Әр сайыстың жеңімпазын анықтайтын әділқазылары бар, бұл шарада қазылық көрсеткендер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, еңбек ардагері М.Елеусінов және Б.Жантүгелов болды.
Қызықты өткен сайыста оқушылар өздерінің үш тілді жақсы меңгергендіктерін, әдебиетшілердің шығармаларын оқитынын, өздерінің өркениетті елдің ұрпақтары екендіктерін көрсете білді. Нәтижесінде №35 мектептен келген «Достық» тобының оқушылары бірінші орынды иеленді, ал №210 мектептің «Достар» тобы екі ұпаймен артта қалып екінші орынды қанағат тұтты. Оқушылар арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. Шара соңында «Еліміздің ертеңі – қазақ тілінде» тақырыбында көрме көрсетіліп, оқушылар естелік суретке түсті.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ
Пікір 2