Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақ – кәсіпкерлікте

Болашақ – кәсіпкерлікте


Жалпы, ауылдардағы халық жиынында күрмеулі мәселе болған жоқ. Тек ауылдағы бас жоспарға енгізілмеген көшелерге тас жол төсеу, мал ұрлығына қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұрғыда, аудан басшысы бас жоспарда жоқ көшеге бюджеттен қаражат бөлу заңсыз екенін түсіндірді. Десе де, назардан тыс қалмайтынын айтты. Ал мал ұрлығы жөнінде халықтың жеке бас қамын ойламауын атады. Яғни, мал ұрлаған ұры ұсталғанда халық арасында кешірім бере салу үрдіске айналған. Бір ұрлаған адам тағы да қылмысқа баратыны белгілі. Сондықтан аудан әкімі Ғ.Қазантаев қылмыскерге аяушылық танытудың қажеті жоқ екенін атап айтты. Және де осыған қатысты ел-жұртты ауылдық учаскелік полиция инспекторымен бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Аудан басшысының есепті баяндамасында жылдық жұмыс толық қамтылған. Маңызды салалардағы оң көрсеткіштер мен жетістіктер сараланған. Барлық сала жұмысы реттілігімен айтылғанымен, баяндама барысында Қоғамдық кеңеспен кәсіпкерлікке басымдық берілген. Себебі, бүгінде арнайы Заң қабылданған Қоғамдық кеңес жұмысы ең алғаш ауданда бастау алды. Мұның негізгі миссиясы – елдегі ауызбірлікті сақтау, қоғамдықсаяси және діни ахуал тұрақтылығын қамтамасыз ету. 2013 жылы жүзеге асқан Қоғамдық кеңес жұмысы бүгінде өз миссиясын орындап келеді. Аудан әкімі барлық елді-мекенде облыс әкімінің қолдауымен құрылған Қоғамдық кеңес ұрпақ тәрбиесі, елдегі ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда жемісті еңбек етуде екенін атап өтті.
Кәсіпкерлік саласы да бүгінде маңызға ие. Мұның да қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға септігі зор. Өйткені, кәсіппен айналысу деген өз тағдырыңа өзің ие болу деген сөз. Біреуге телміріп отыру деген жоқ. Өз кәсібіңді бастап, өрісін кеңейтсең, өмір сүру жағдайың жақсы болары сөзсіз.
– Елбасы қазақстандықтарды кәсіппен айналысуға үндеуде. Осы тұста, аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы жарияланды. Атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көп. Біз бюджет есебінен жүзеге асырылатын жұмыстардың барлығын жасаймыз. Тек тұрғындар бизнеске қатысты бүгінгідей мол мүмкіндіктің пайдасын көру керек. Жалпы айтқанда, біз адамның қолын аузына апару қағидатымен жұмыс жүргіземіз. Әрі қарай алып кету – әркімнің өз қолында. Заманның талабы осы болып тұр. Болашақ – кәсіпкерлікте. Қазір дөңгелетіп алсаңыздар, кейінгі ұрпақтарыңызға кәсіп, жұмыс болып қалады, – деді аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы. Аудан басшысы алғашында кәсіппен айналысу қиындау болатынын айтты. Дегенмен, ынта болып, бастайтын кәсіпті бастан-аяқ есептеп, пісіріп алса, қиыншылық еңсерілетінін жеткізді. Есепті баяндама қорытындысында аудан басшысы үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті дамыту, бюджет кірісін ұлғайту, «Жастар жылына» орай жұмысты жандандыру бойынша жұмыс өрбитінін тілге тиек етті.
Аталмыш ауылдардағы есепті кездесуге облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, Р.Есенов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
19 қаңтар 2019 ж. 436 0