ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТА КЕЗЕКТЕН ТЫС 33-ШІ СЕССИЯ ӨТТІ. СЕССИЯҒА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ Е.ӘЖІКЕНОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ, ДЕПУТАТТАР МЕН МӘСЛИХАТТЫҢ ЖАУАПТЫ МАМАНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. СЕССИЯ ТӨРАҒАСЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ ҰСЫНЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ХАБАРЛАП, АЛҒАШҚЫ СӨЗДІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ЕРЖАН ЕРТАРҒЫНҰЛЫНА ҰСЫНДЫ.
Мәслихат хатшысы «Сырдария аудандық сайлау комиссиясын сайлау туралы» және «Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» хабарлама жасады.
– Өткен жылы маусым айында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жақсы білесіздер. Енгізілген өзгерістер мен тырылуларға сәйкес мәслихаттың депутаттары аудандық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдермен сайланады. Заңның 10-бабының 2, 3, 4 және 7- тармақтары жаңа редакцияда жазылды. Заңның 3-тарауына сәйкес аумақтық сайлау комиссияларын – орталық сайлау комиссиясы, ал учаскелік сайлау комиссияларын тиісті аудандық сайлау комиссиялары құрады. Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайтын болды, – деді мәслихат хатшысы.
Сонымен қатар, аталған Заңға сәйкес аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Мәслихат депутаттарын сайлау жүйесі ауысқандықтан, осы сайлауды ұйымдастыратын округтік сайлау комиссиялары сайлау органдары жүйесінен алынып тасталған және олардың функциялары аудандық сайлау комиссияларына берілген. Тағы да айта кететін өзгерістер бойынша учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын анықтау бойынша нормаларға өзгерістер енгізілген. Егер Конституциялық Заңның бұрынғы редакциясында барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары жеті адамнан тұратын болса, үстіміздегі жылдан бастап тиісті аудандық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын:
1) тиісті сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың саны екі мыңға дейін болған кезде – бестен жеті мүшеге дейін;
2) тиісті сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың саны екі мыңнан жоғары болған кезде жетіден он бір мүшеге дейін айқындалды.
– 2018 жылғы 30 қарашадан бастап 20 желтоқсанға дейін аудандық мәслихат аппаратына 5 саяси партиялардан, 3 қоғамдық ұйымдардан және Сырдария аудандық сайлау комиссиясынан ұсыныстар келіп түсті, – деді хабарламашы. «Нұр Отан» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы әрқайсысынан 19 кандидат ұсынылса, аудандық ардагерлер кеңесі мен «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінен 18 адам, «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігі 3 кандидат және аудандық сайлау комиссиясы 13 кандидат, барлығы 127 үміткер депуттардың бекітілуіне ұсынылды.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы, сондай-ақ хатшысы өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде іске асыратындығы маңызды жаңалықтың бірі. Бұл норма 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жоғарыда аталған өзгерістерден басқа, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу процесін жақсартуға, құқықтық олқылықтарды жоюға, сайлаушылардың қызығушылығын арттыруға және олардың мемлекеттің саяси өміріне қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған көптеген түзетулер мен толықтырулар енгізілген.
Аудандық мәслихаттың бас маманы С.Токманов «Сырдария аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» хабарлама жасады.
Аудандық мәслихат депутаттары күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдады.
Б.ЖАНӘЛІ
Пікір 2