Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НЕГІЗСІЗ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНЕН АЖЫРАТПАЙМЫЗ

НЕГІЗСІЗ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНЕН АЖЫРАТПАЙМЫЗ


Қырық мыңға жуық аудан халқын жарықпен қамтамасыз етіп отырған аудандық электр торабы мекемесі ұжымының жұмысы қай кезде де қауырт екені мәлім. Күн сайын жедел шығу тобы электр желісінен ағытылған жағдайда дер кезінде іс-қимыл әрекеттерін жүргізеді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды электр желісінен келетін қауіп-қатерден қорғау шараларын жасайды. Аталмыш мекеме қызметкерлеріне үнемі ыждағаттылық пен жылдамдық, сапалы жұмыс жасау тетігін ұйымдастыру басты талап ретінде қойылады. Осы ретте өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында аудандық электр торабының басшысы Дәурен Қонысовпен сұқбаттасқан едік.
– Дәурен Қанатұлы, Сіз басқарып отырған мекеменің өткен жылы атқарған бірқатар жұмысына тоқталып өтсеңіз?
– Аудандық электр торабы өткен жылы электр энергиясының ысырабын азайту және ағытуларды алдын алу мақсатында күрделі және ағымдағы жұмыстарды өз деңгейінде жүргізді. Атап айтқанда, аудан бойынша 35 кВ Л-38 «Жалағаш-Теренозек» әуе желісі негізінен қорек көзі болғандықтан былтырғы жылы күрделі жөндеу жұмысына қайта ұсынылып, 10 темір-бетон бағана және 35 кВ қосымша қорек көзі саналатын Л-42 «Тереңөзек-Караөзек» әуе желісі бойында 2 темір-бетон бағана ауыстырылып, жалпы 9,11 шақырым сым жаңартылды. 10 кВ әуе желісі бойынша ысыраптарды азайту және ескірген ағаш бағаналарды алмастыру мақсатында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары негізінде 115 дана темір-бетон бағана және 21,51 шақырым сым ауыстырылса, 0,4 кВ әуе желісі бойынша ысыраптарды азайту мақсатында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысына 94 дана темір-бетон бағана жаңадан қойылып, жалпы 36,09 шақырым сым қайта жаңартылды.
– Жергілікті тұрғындардың арызшағымы бойынша жаңарту жұмысы қандай деңгейде жүзеге асты? Сондайақ, қай елді мекенде толықтай жаңарту жұмысы жүргізілді?
– Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде және өз күшімен қойған бағаналарды алмастыру мақсатында заң талабына сай 28 дана темір-бетон бағана орнатылды. Алдағы уақытта да аталған жұмыс тұрғындармен тығыз байланыс орната отырып, жүргізіле беретін болады. Екінші сауалыңызға тоқталатын болсақ, біздің мамандар Ақжарма ауылында электр қондырғыларын толық жаңартты деп толықтай айтуға болады. Атап айтқанда 35/10 кВ қосалқы станция, 10 кВ ұяшықтары – 5дана, 10 кВ әуе желісі–15,77км, 10/0,4 кВ қосалқы станциялары - 13дана, 0,4 кВ әуе желісі - 26,6км және тұтынушыларды электр есептегіш құралдарын жаңа есептегіш құралдарына ауыстырып сыртқа шығару жұмысын ойдағыдай аяқтады.
– Дәурен Қанатұлы, осы күні тұрғындар тарапынан электр есептегіш құралын өз уақытында ауыстыру жөнінде бірнеше сауал келіп түсті. Мән-жәйдың нақты шешіміне тоқтала кетсеңіз?
– Аталған мәселе жөнінде электр энергиясын тұтынатын тұтынушыларға айтарымыз электр есептегіш құралы (счетчик) өз уақытында ауыстыру міндетті болып саналады. Жалпы алғанда электр есептегіш құралын пайдалану мерзімі 16 жыл. Мемлекеттік тексеру мерзімі 8 жыл болып табылады. Тағы да ескере кететін жәйтті халық өз қаперіне алса дейміз. Электр энергиясының пайдалану ережесінде электр тасымалдаушы мекемемен электр энергиясын тұтынушы арасында шекара бөлісу актісі бар. Сол себепті тұтынушылардың назарына электр есептегіш құралдары тұтынушының жеке меншігінде болуына байланысты электр есептегіш құралындағы мемлекеттік таңбасы және электр энергиясын тасымалдаушының таңбасы бұзылуына, үзілмеуін қадағалау қажет. Егерде таңбалар бұзылып немесе үзілгенде электр энергиясының мекемесі, яғни Тереңөзек аудандық электр торабына келіп өз өтініштерін беру керектігі ескертіледі. Егерде ешқандай өтініш болмаса, Тереңөзек аудандық электр торабы тексеру барысында бұл кемшіліктерді анықтаса, электр энергиясының пайдалану ережесіне сәйкес қайта есептеу актісі толтырылатындығын тұрғындар назарына саламыз. Электр энергиясының бұзушылық актілері төмендегі жағдайда толтырылады: - Электр энегриясының тасымалдаушы мекеменің рұқсатынсыз өз еркімен электр желісіне қосылуы; - Электр есептегіш құралына дейін электр желісіне жалғануы; - Электр есептегіш құралының әйнегіне және корпусына зақым келуі (сынуы, шытынауы); - Электр есептегіш құралына басылған таңбалардың сәйкес келмеуі, таңбалар басылатын орындары болмауы; - Электр есептегіш құралының мемлекеттік және тасымалдаушы мекеменің таңбаларының жоқ болуы секілді Электр энергетика министрлігі бекіткен №143 бұйрығында аталған тармақтары ашып көрсетілген.
– Жарықтың жиі өшуі, электр желісінен ағытылуы ауа-райына тікелей байланысты ма? Тосыннан болған оқиғаларға қаншалықты дайынсыздар, жалпы қанша маман жұмылдырылады?

– Электр желісінің жиі ағытылуы біріншіден, жоспарлы жұмыс жүргізу бағытында ажыратылады. Екіншіден, ауа райы күрт бұзылып, желді, жаңбырлы күндері қосалқы станция трансформаторларына зақым келуіне байланысты және желді күні әуе желісінің сымы өзара бір-біріне қабаттасуы арқылы өз жұмысын тоқтатады. Осы мезетте бізде арнайы шұғыл шығу тобы тәулік бойы жұмыс жасайды. Бүгінде аудан халқына сапалы электр энергиясын тұрақты, үнемі беруге күш жұмсайтын 55 маман жұмылдырылған.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбатты жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 қаңтар 2019 ж. 823 0