Әскерге кімдер шақырылмайды?
ҚР Қорғаныс министрлігінде қай санаттағы адамдар әскери қызметтен босатылуы мүмкін екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен, бейбіт кезеңде әскери қызметке денсаулық жағдайына байланысты өтпей қалғандар; 27 жасқа дейін заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмағандар; әскери қызметті өтеу кезінде міндетін орындау барысында туыстарының бірі көз жұмса немесе мүгедек (бірінші және екінші топтағы) болса әскери борышынан босатылады.
Сонымен қатар әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер, ғылыми дәрежесі барлар, тіркелген діни бірлестіктердегі дін қызметкерлері де Қарулы Күштер қатарына шақыртылмайды. Өз кезегінде әскери жиындардан қорғанысты, қауіпсіздікті әрі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен байланысты лауазымдарда меморгандарда жұмыс істейтіндер; мемлекеттік, азаматтық әрі эксперименттік авиацияның қызметкерлері; егін егу мен астық орағы науқанында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар босатылады.
Мұнымен қоса, оқу жылы кезеңінде күндізгі оқыту режиміндегі білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері; күндізгі оқу тәртібінде білім алып жатқандар; әскери міндетті әйелдер; 18 жасқа дейін үш немесе одан көп балалары барлар; алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық ісі сотпен қаралып жатқанға адамдар; ҚР Парламентінің немесе жергілікті өкілдік органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды.