ДАРХАН ҰЛДАРЫН ҚҰРМЕТПЕН ЕСКЕ АЛДЫ
Драматург жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Әбіраш Жәмішевтың есімі иісі қазаққа белгілі. Биыл қос таланттың 90 жылдығына орай олардың туған ауылында «Сырда түлеген дархан дарындар» атты еске алу кеші болып өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес өткізілген тағылымды кеште №129 Ә.Жәмішев атындағы мектептің директоры Ж.Назаров ауылдық мәдениет үйіне биыл Қалтай Мұхамеджанов есімі берілгенін, ал Ә.Жәмішев атындағы мектептің үстіміздегі жылдың 30 қарашасында мектеп-лицей болғанынан көпшілікті хабардар етті. Мұнан соң дархан дарын иелерінің шығармашылығына орын берілді. Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал, дарын Алланың айрықша мейір шапағаты түскен пендесіне қиял-ғажайып нұры. Ата күші, ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортаның демеуі, тірліктің тоқсан тарау иірімі, жанына жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға етіп қалыптастыратыны даусыз. Мазмұнды кеште қазақтың Қалтайы мен Әбірашы атанған дара тұлғалардың шығармашылығы зал толы көрермендердің жүрегінен орын алды. Бұл ізгі шараға Алматыдан арнайы келіп қатысқан талантты ақынның қос қызы Сәуле мен Әлия дархан ұлдарын еске алып, құрметтеп жатқан ауылдастарына бас иіп, ыстық ықыластарын білдірді.
Кеш қорытындысында облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, «Мәді қажы» ЖШС-і директоры С.Сұлтанов, ауыл әкімі Т.Құламқадіров мектепке, Алматыдан келген қонақтарға сый-сияпат жасап, естелік сыйлықтарын ұсынды.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ