Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕПТЕГІ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ШАРАЛАРЫ

МЕКТЕПТЕГІ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ШАРАЛАРЫ


Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектеп аудандағы үздік білім ордасы саналады. Алтын ұя 2016-2017 және 2017-2018 оқу жылында екі жыл қатарынан аудан әкімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік білім ордасы» байқауында ең үздік нәтиже көрсетіп, ауыспалы туды жеңіп алды. ҰБТ-ға қатысқан барлық оқушылар екі жыл қатарынан 100 пайыз мемлекеттік грант иегерлері атанды. Мектеп директоры Жанболат Назаров Астана қаласының 20 жылдығына орай «BILIM – ORKENIET TV» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік директор – 2018» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.
Орта мектеп ғимараты жаңа, сәулетті де сәнді. Оның екінші қабатының фойесінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай мазмұнды көрме жасалған. Сондай-ақ оқушыларға ұлттық тәрбие беру, ұлттық салт-сананы бойларына сіңіру мақсатында мектептің әр сабағы арасында қоңырау орнына қазақтың күйлері орындалады екен. Сабақ басталарда «Сарыарқа» күйі, сабақ аяқталғанда «Балбырауын» күйі күмбірлейді.
Мектепте «Ұлттық ойынды асқақтатайық» атты мектепішілік тоғызқұмалақ сайысы ұйымдастырылған. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу рухани жаңғырудың бір тармағы болса, осы әліпбиді меңгеру болашақ үшін маңызды қадам екені анық. 10 «А» сынып оқушылары И.Келдібай, Н.Опабеков латын әліпбиімен жазу жазып, оны меңгеруге талпыныс танытып, сыныптастарына үлгі болуда.
Мектепте облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» атты тарихи танымдық шара өткізілген. Оған шіркейлілік қайсар ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың «Өмірден алып кетем үлесімді» атты шығармашылық кеші арқау болған. Сондай-ақ тарих пәнінің мұғалімі Е.Сүлейменнің жетекшілігімен мектеп оқушылары облыс көлемінде мұражайлармен тарихи орындарға саяхат жасап, рухани дүниелерін байытқан.
Өміріміздің қазіргі жарқын кезеңі рухани жаңғыру тұсында үздік білім ордасында осындай елеулі шаралар өткізілген.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
21 қараша 2018 ж. 1 274 0