АУЫЛДАН ОҚУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ
Сырдариялық жастардың қуанышына айналған «Zhas Project» жобасы жастардың кәсібін ашуына мол мүмкіндік сыйлады. Асқар ауылының қыз-жігіттері жоба аясында 1 млн. теңге грант иегері атанып, бүгінгі таңда өз жұмыстарын бастап кетті. Жобаның негізгі мақсаты да сол болатын.
Еліміздің өзге елдерімен қарым-қатынасы күшейіп отырған кезде оқушылардың ағылшын тіліне деген құштарлығын ояту әрбір шетел тілі мұғалімінің міндеті. Демек, ағылшын тілін білу – уақыт талабы. Соны негізге ала отырып ағылшын тілін оқыту орталығын ашқан Айдана Сансызбаева ауыл жастарын тілді меңгеруге үйрететін болады.
Ауыл әкімдігі ғимаратының бірінші қабатынан ашылған оқыту орталығы заманға сай жабдықталған. Жылы әрі кең бөлмелер оқушылардың еркін жүріп, сапалы білім алуына септігін тигізеді. Орталықтың жаңа ашылғанына қарамастан, деңгей бойынша 50 оқушы білім алып жатыр. Әр топқа аптасына 1 сағаттан үш рет дәріс беру арқылы бір ай көлемінде ағылшын тілінің базалық курсын меңгеру мүмкіндігі берілмек. Оның ішінде аз қамтылған, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балалары ағылшын тілін тегін үйреніп жатқандығына дән риза. Оны балалардың жүздеріндегі қуаныштан байқадық. Жас өрендердің заман талабына сай әрекет етуге деген талпынысы көңілге шаттық ұялатты.
– «Zhas Project» бағдарламасы аясында үш кезеңдік оқытудан өттік, ендігі кезекте 6 ай бойы әлеуметтік жобамызды жүзеге асырмақпыз. Топ мүшелері Ерлан Нұрғалиев ұйымдастыру ісімен айналысса, Ақжарқын Сансызбаева балаларға сергіту сәтін жүргізеді. Жоба мерзімі аяқталғаннан кейін де оқыту курсы жалғасын табады, – дейді топ көшбасшысы Айдана.
Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін жас ұрпақ бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Ендеше өзге тілдерді оқып білуге деген қызығушылығы мен ұмтылыстарын арттыруды мақсат тұтқан жастарға алдағы уақытта ісінің табысты болуына тілектестік білдіреміз.
А.ӨМІРБЕК,
КМУ студенті