Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА – ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА – ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШАДЫ


«Адамға жазаның ең үлкені - жұмыссыз қалдыру» деп Д.Қонаев айтқан болатын. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі құбылмалы күйде. Заман үдерісінде қоғамға қажетті мамандықтар тізбегі пайда болып, түрлі жоба шеңберінде қызмет ауқымы кеңеюде. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жүзеге асатын бағдарлама негізінде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қаржы көздері игеріледі. Жоба төңірегінде жастардың үлес салмағын арттырып, барлық мүмкіндіктер қарастырылады. Соның ішінде қазіргі уақытта Zhas project Жастар корпусын дамыту жобасы қолға алынуда. Бұл бастама Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы екендігін айта кеткеніміз жөн. Іске асыру кезеңі 2017-2020 жылдарды қамтиды.

Биылғы жылы аталмыш жобаны іске асыру бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары таңдап алынған. Осы өңірлерде тұратын 14-29 жас аралығындағы жастарды қарқынды жұмыс жасауға шақырады. Негізгі басымдылықтар оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастарға беріледі. Сондай-ақ, жоба ауқымы былтыр 2000 қатысушыны қамтыса, осы жолы 1000 әлеуметтік жобаға 3500 адамды жұмысқа тартады. Мақсат-міндеттеріне тоқталатын болсақ, жастардың осал топтарымен жұмыс істеу, жас адамдарды өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша оқыту, тиімді ақпараттық-түсіндіру науқаны мен кері байланыс және мәселелерді шешу тетігін іске асыру жолдары жатқызылады. Жоба қатысушысы ұтқан жағдайда 1 млн. теңге қаражатты әлеуметтік бағдарламаларға жұмсайды. Аталған қызметті 6 ай көлемінде 3-5 адамнан жасақталған топ жүзеге асырады. Қатысушылар жоғарғы оқу орнын бітірген болса 60 мың, басқалары 40 мың теңге шәкіртақы алады. Арнайы құжаттар дайындалып, талаптарға сай жеңімпаздар анықталады. Жеңімпазды техникалық іріктеу, бағалау комиссиясы, компьютерлік кездейсоқ іріктеу кезеңдерінің нәтижесімен анықтайды. Сіз ұсынған әлеумметтік бастама жеңіске лайық деп табылса, жол нұсқаушы менторлар, оқу курстарынан өткен мамандар жол нұсқаушы бола алады. Жергілікті жерлерде орналасқан ҮЕҰ мүшелерімен бірігіп, іс жүргізуге мүмкіндіктер туады. Қабылдаушы ұйым мәртебесін алған олар есеп беру, іс жүргізу мәселелеріне көмектеседі. Алты ай мерзім аяқталғаннан кейін бизнес көзіне айналдырып, кәсіп ашуға әбден құқылысыз. Бұған дейін сіз өндірген тауарлар еш жерде сатылмайды тек әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек ретінде беріледі. Осы ретте Zhas project Жастар корпусын дамыту жобасының ресми сайтында барлық нұсқалар көрсетілгендігін айта кеткеніміз жөн.
Жоғарыда аталған жоба төңірегіндегі мәселелерді түсіндіру мақсатында жақында аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудан жастарына арналған семинар өткізілді. Оған Жастар корпусы үйлестіру агенттігінің маманы Инара Кәрібаева, Сұлушаш Қазтаева, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Гүлмира Сәрсенбай, дербес бөлім басшылары, сала мамандары, ҮЕҰ жетекшілері, аудан жастары қатысты.
Шара барысында қатысушылар мамандарға сауал қойып, жауап алды. Жоба төңірегінде жастар өзара пікір алмасты.

Б.ОРДАБЕКОВ
24 сәуір 2018 ж. 1 424 0