ЖАҢҒЫРУҒА ЖАҢАША БАҒЫТ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлтымыздың жаңғыруына, келешек ұрпақтың өз тарихын тануына бағытталған баға жетпес құнды дүние. Ұлттық мүдде, ел мұраты жолында үнемі жаңашыл бағыт ұстанатын Елбасы – бұл жолы жаңғыруымыздың жаңаша бағытын ұсынды, жалпақ жұртқа ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дәріптеудің, одан әрі ұлықтаудың, тани түсуіміздің айқын бағдарын ұсынды.
«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана афоризм емес» – деп басталады мақала. Мақалада сонымен бірге «Болашақта ұлттың табысты болуы оның пайдалы қазбаларымен емес, адамдардың бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады», – делінген. Демек, алдағы уақытта білім мен ғылымның орны айқындала түсетінін меңзейді.
Мақалада сонымен бірге атқа міну мәдениетінен бастап Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, «архив – 2025», Ұлы даланың өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы секілді маңызды аспектілерді қамти отырып, қазақ ұлтының мәдениеті, тарихы мыңдаған жылдар бұрын басталғанын дәлелдей түседі. Ежелгі қалалардың қазба жұмыстары кезінде түрлі әшекей бұйымдардың табылуы да алтын, күміс, мысты біздің бабаларымыздың кен өндіруде де озық тәжірибені пайдаланғаны, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқаны көрініп тұр. Сондықтан мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» жаңашыл бағыт ұстанған заңды жалғасы деп қабылдадым. Осы орайда аудан тарихынан сыр шертетін аудандық музей, архив жұмысын жандандыру, оның жұмысына ыждағаттылық, жанашырлық керек екені айтпаса да түсінікті.
Аудан құрылғаннан бастап колхоздастыру, қайта құру дәуірінің басы-қасында жүрген тарихи тұлғалардың жанкешті еңбегін, олардың есімін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жайлы Елбасы былай дейді: «Көпшіліктің санасында тарихи үрдістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабалардың есімдерін мақтан тұтады, – дей келіп, «Ұлы Дала Әл – Фараби мен Ясауи, Күлтегін, Сұлтан Бейбарыс, Әз – Тәуке, Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» – дейді. Бұл тарихқа құрмет, сол тарихты жасаған мыңдаған адамның еңбегіне көрсетілген ізет. Бұл тұста өткен жылы орталық саябақта ашылған «Еңбек даңқы» музейі мен «Құрметті азаматтар» аллеясын, ауданның 90 жылдығы қарсаңында ашылған «Тағзым алаңын» осынау бастамаға қосылған сүбелі үлес деуге әбден болады.
Сондықтан аталмыш мақаланы зор ықыласпен оқып шықтым.Бір-бірімен салалас, сабақтас бастамалардың өмірі ұзақ болғай деймін.
Алма БАҚТИЯРОВА,
еңбек ардагері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»