Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ – ӨМІР АЙНАСЫ

ТАЗАЛЫҚ – ӨМІР АЙНАСЫ

Өзіміздің тұрғылықты жерімізді таза ұстау мәдениеттіліктің айқын белгісі. Күз айларында кент әкімдігі тарапынан көшенің тазалығын бақылау мақсатында апта сайын рейд жұмысы ұйымдастырылады.
Сала мамандарының назарына іліккен басты нысандардың айналысы тазартылып, кентке қарасты көшелерді күл-қоқыстан арылтуға күш жұмсалды. Негізінен жергілікті тұрғындардың өтініш-тілегін ескере отырып, бірқатар ескерту шарасы қолданылды. Оған көнбеген жағдайда учаскелік полиция инспекторлары айыппұл салуға құқылы. Қазіргі таңда кентте абаттандыру жұмысы қарқынды қолға алынуда. Жыл бойына сол баяғы қалыпта жатқан заңсыз полигонды түбегейлі жою тиісті мекемеге тапсырылды. Әйтседе, халықтың күнделікті әрекеті көңіл көншітпейді. Бір көшенің бойында тұратын көптеген тұрғын ауласынан тыс аумақты ластауға бейім. Сондай-ақ, елеусіз жатқан жерге қоқысты әкеліп тастауы әлі күнге тиылмай тұр.
Осы ретте аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы М.Самалықов, кент әкімдігінің әдіскері Д.Смайлов, учаскелік полиция инспекторы Ж.Маратов, М.Мамытов кент аумағында орналасқан көшенің таза болуына өзіндік үлестерін қосты. Шет аумақта орналасқан тұрғын үйлердің ауласын таза ұстауға шақырды. Сондай-ақ, бірлесіп атқарған жұмыстың қорытындысында көпшіліктің ойы ескерілді. Мәселен, түнгі мезгілде бір топ көлік пен адамдар қуыс көшені жағалап, тұтынған затын тастап кетеді. Ендеше, тұрғылықты жеріміздің адам төзгісіз қалыпқа түсуіне себепкер болмау үшін қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау азаматтық борышымыз.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

30 қараша 2018 ж. 2 307 0