Сенбілік – тазалық таразысы
Осыған дейін жарияланған аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың №102-ө өкімі негізінде аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар Тазалық айлығын өз деңгейінде өткізуге белсенділік танытып, тұрғылықты елді-мекендер мен аудан орталығының таза болуына өз үлестерін қосуда. Осы ретте, өткен аптаның сенбісінде аудан көлемінде жаппай халықтық сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында аудан әкімдігі бекіткен көшелерде тиісті мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, қоғам үшін қажетті іске жоғары деңгейде қатысты. Сенбілік жұмысын назарымызға алып, кент орталығындағы көшелерге шолу жасаған болатынбыз. Бұрындары күл-қоқыстан көз ашпайтын көшелер қалыпқа келтіріліп, кемшіліктер түзелгендігін аңғардық. А.Иманов көшесі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің аумағында спорт саласы қызметкерлері, білім ордаларының аулаларында ұстаздар, А.Әлиакбаров көшесінде аудандық мәслихат аппараты, «Казпочта» аудандық филиалы, аудандық статистика басқармасы, «Балдәурен», «Бақ-Нұрбөбек», «Нұрбөбек», «Ботагөз» балабақшасы қызметкерлері тазарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Майжарма каналының бойында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматардың хал актілерін тіркеу, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау, аудандық қаржы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркісіп және туризмді дамыту бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы және Жеңістің 50 жылдығы көшесі бойында аудандық білім бөлімі, Оқушылар үйі, әуез мектебі қызметкерлері, тағы да басқа көшелерде тиісті мекеме ұжымдары сенбілікке шықты. Әйтседе кейбір тұрғындар көп шоғырланған жерлерде қоқыстар тазартылмай аудан келбетінің сәнін бұзып тұр. Ендеше, көңілімізге түйіп, көзімізбен көрген көріністерді екі топқа бөліп қарастырған болатынбыз. Біріншіден, бүгінде тазалық жұмыстары жасалған көшелердің фото көрінісін жарияласақ, екіншіден әлі күнге тазалық заңына бағынбаған, сапасы сын көтермейтін қоқыс толы жерлерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Ағаш егу – абыройлы іс
Адамның ауасыз бір минутта өмір сүре алмайтын болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаратын ағаш. Ол табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұр. Сондықтан көктем келгенде тұрғындар міндетті түрде абыройлы іске атсалысып, ағаш егу керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Осы себепті де сенбілік барысында аудандық орталық мешіттің ауласына және а.Иманов, И.Тоқтыбаев көшелері бойына ағаш егу жұмыстары жүрді. Оған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет, аудандық ауыл шаруашылығы, аудандық жер қатынастары, аудандық ветеринария бөлімдері және №10 агро-техникалық колледж қызметкерлері қатысты.
ҚОҚЫСТЫ ТИІСТІ ОРЫНҒА ТАСТА
Тұрғындардың кей жағдайда салғырттық танытатыны көңіл көншітпейді. Көше бойында, есігінің алдында сенбілік жүріп жатқанын көре тұрып, қосыла тазартудың орнына терезеден сығалаудан әрі аспайды. Көп қабатты үйлердің маңында арнайы қоқыс төгетін орын белгіленгені баршамызға мәлім. Десекте, кейбір кісілер белгіленген орынға жетер-жетпестен кір суын, полиэтилен қалдықтарын, қыс бойы жиналған күлдерін төгіп жатқандығын көзіміз көріп жүр. Тазалық мәдениетін ұғынбауды былай қойғанда, өзіміз тұратын ауланы ластап түрлі экологиялық белгілерді тудырып жатамыз.Тағы бір айтпағымыз сенбілік барысында темір жол бекетінің арғы бетіндегі тұратын ағайынның қоқыс құрсауында қалғандығын байқадық. Сонда шағын Тереңөзектің өзіне бірнеше қоқыс тастайтын полигонның қажеттілігі туды ма? Онсыз да былтыр атқарушы билік өкілдерінің қолдауымен Қызылорда – Жалағаш тас жолының бойындағы Тереңөзек бөлігінде орналасқан қоқыс төгетін полигонға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, айналасы қоршалды халыққа осы жерге қоқыс төгуге ұйғарым жасалғаны анық.
Ал Б.Момышұлы көшесі тұрғындары үшін алысқа бармай-ақ жақын маңнан қоқыс алаңын «жасап алу» қолайлы болғанға ұқсайды. Және ол «полигон» ауыз су мұнарасының айналасы. Бұған құзырлы органдар не айтар екен?
Балтабай ОРДАБЕКОВ