САНАҒА СІЛКІНІС ЖАСАУ ҚАЖЕТ
Көше тазалығының бүгінгі жай-күйін қадағалау мақсатында әр аптаның сәрсенбісінде арнайы рейд жұмысы жүргізіледі. Қазіргі таңда кент орталығында орналасқан біршама көшелерді күл-қоқыстан арылту басты назарға алынған. Аудан әкімінің 2018 жылғы 27 тамыз күнгі №335 өкімімен аудан елді-мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығын 8 қыркүйек пен 10 қараша аралығында өткізу жоспарланғаны мәлім. Осы ретте рейд жұмыстарын күшейту кент әкімдігінің құзыретінде.
Рейд барысында көше тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оған қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы М.Самалықов, кент әкімдігінің әдіскері Д.Смайылов, жергілікті полиция инспекторлары Ә.Төлегенов, Ж.Маратов қатысты. Атап айтқанда кентке қарасты И.Тоқтыбаев, Ғ.Мұратбаев, Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы, Ә.Тоқмағанбетов, Қазақ көшесі бойындағы аяқ су өтетін арықтарды, жаяу жүргінші жолы, көпір маңын таза ұстауды тұрғындарға ескертті. Жалпы алғанда кент тұрғындарының басым көпшілігі тазалықты естен шығарғандай. Күн сайын өзі тұратын тұрғылықты жерінде күл-қоқысты тастап, айналаны ластауды әдетке айналдырып алған. Сонымен қатар, адам көп шоғырланған аумақты қоқыс полигонына айналдырған. Әр сенбі сайын мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, тазартқанымен халық арасында тазалықты сақтау мәдениеті төменгі денгейде. Айлапжылдап тазартылмаған күл-қоқысты көре тұрып, үсті-үстіне тастау дағдыға айналған. Күн сайын жүргінші жол өткелдерінде, тұрғын үй есік алдында арам шөп, күл-қоқыс, полэтилен қалдығы, бос құты, ірі қара малдың қиы шашылып жататындығын көзіміз көріп жүр. Сонымен қатар кент орталығында бей берекет жайылып жүрген төрт түлік малдың егелерін малдарына ие болуға шақырамыз. Осы ретте жоғарыда аталған көше тұрғындарына қатаң ескерту жасалды. Сонымен қатар, белгіленбеген жерге қоқыс төгуге болмайтындығын ескере отырып, жауапты мекеме қадағалау жұмыстарын жүргізсе дейміз.
«ТТ» ақпарат
Пікір 3