Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ АРТЫ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ

ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ АРТЫ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ


Ағылшын жазушысы Томас Карлейль «Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі» деген екен. Айтса айтқандай-ақ, қор­шаған ортаның таза болуынан адамзат баласының бірінші байлығы оңалатыны хақ. Дегенмен бүгінде экологиялық қиындықтар ахуалы тұрмыс­тық жағдайларға байланыс­ты өршуде. Кей уақытта тұрғындардың тазалық мә­де­ниетін сақтамау салдары көрініс тауып, өзінің тұрғылықты жерлерін күл-қоқысқа толтырып жатады. Жыл сайын кент аумағында санитарлық тазалықты қада­ғалап, бақылау мақсатында рейд жұмыстары жүргізіледі.
Рейд жұмыстары барысында бірнеше апта көлемінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда топ мүшелері кент әкімі аппаратының әдіскері Д.Смайлов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы М.Самалықов, аудандық АІІб жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты С.Салхадинов, аудандық «Тіршілік тынысы» газет редакциясының тілшісі Б.Ордабеков кенттегі бірқатар көшелерді аралап, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауладан алшақ орналасқан көше бойындағы қоқыстарды тазалауға шақырды. Бұдан бөлек көше тұрғындарынан басқа жақтан келіп, күл-қоқыстарды төгетін азаматтар кей жерлерді полигонға айналдырған. Сонымен қатар, аяқ су жүретін арықтарды күл-қоқыстан арылтуды мамандар жергілікті тұрғындарға тапсырды. Бейберекет кез-келген орынға немесе белгіленбеген жерлерге қоқысты тастағандар анықталып, қатаң ескертулер жасалды. Алдағы уақытта аталған көрініс қайталанған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді. Аталған рейд жұмыстары жалғасын тауып, топ мүшелері кентке қарасты көшелерді аралауды тоқтатпайды.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
17 сәуір 2018 ж. 938 0