Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер аудандық байқауда бақ сынады

Ардагерлер аудандық байқауда бақ сынады

Абай Құнанбайұлының өшпес мұрасын насихаттау қай кезде де маңызды іс. Кейінгі буынға кемеңгер ойшыл, данышпан ақын, тарихи тұлғаның ілімін үлгі ету мақсатында «Ұлы Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты өнер сайысы өтті.

Байқаудың ерекшелігі бұл жолы оқушылар мен ұстаздар емес, білім саласының ардагерлері бақ сынады. Ұлт ақынының туғанына 180 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылған сайысты аудандық білім бөлімі мен білім саласы ардагерлер кеңесі және білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті бірлесе отырып ұйымдастырды.

Мәні мен маңызы, тәрбиелік мағынасы зор байқауға аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген 12 ардагер тың дайындықпен қатысты. Аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту, тәрбиелік мәні мол Абай шығармашылығын жастар арасында насихаттауды мақсат еткен сайыс үш кезеңнен тұрды. Ардагерлер сайысын білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбар Әбілова, Сырдария ауданының құрметті азаматы Ұлмекен Жанәлиева, «AMANAT» партия­сы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы ашып, ұтымды ой, салмақты пікір айтты. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс тартысты өтіп, қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең «Адамды қайта тәрбиелеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп аталды. Онда ардагер ұстаздар Абай Құнанбайұлының қара сөздерін жатқа оқыды. Бұл тұста сахна мәдениеті мен киім кию үлгісі, сөйлеу мәнері мен актерлік шеберлікке баса мән берілді. Әжелер Абайдың қара сөздерін сахналық қойылымға негіздей отырып, мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Келесі кезең «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп аталып, бұл кезең бойынша қатысушылар Абай ақынның өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқып, өз шеберліктерін көрсетті. Үшінші кезең «Әнді сүйсең, менше сүй» деген атаумен жалғасын тапты. Бұл кезеңде әжелер Абай әндерін жанды дауыста, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындап, көрерменнің көзайымына айналды.

Сайысқа білікті мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. ҚР Білім беру ісінің, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасұлы қазылар алқасының төрағасы болса, құрамында аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбар Әбілова, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали және аудандық білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова қатысушылардың өнерін бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені №137 орта мектептің ардагер-ұстазы Қаламқас Молдаш жеңіп алды. Жүлделі І орынға №147 орта мектептің ардагер-ұстазы Оразкүл Ахметова лайық деп танылса, №132 Т.Айтбаев атындағы мектеп-лицейінің ардагер-ұстазы Бақыткүл Шынымова және №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ардагер-ұстазы Роза Тұрмағанбет ІІ орынды қанжығалады. Ал жүлделі ІІІ орынды №126 орта мектептің ардагер-ұстазы Рыскүл Құлмағанбетова және №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің ардагер-ұстазы Үміткүл Ерназар жеңіп алды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларға Сырдария аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды. Айта кетейік, сайыстың бас жүлдесін жеңіп алған ардагер-ұстаз Қаламқас Молдаш Шиелі ауданында өтетін сайыстың облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 сәуір 2025 ж. 153 0