Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер ұстаздардың ақылдасу жиыны

Ардагер ұстаздардың ақылдасу жиыны

Аптаның сәрсенбісінде аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында «Ардагер ұстаздар – өнеге бастауы» тақы­рыбында ардагер ұстаздар кеңе­сінің отырысы өткізілді. Келелі жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы­ Берік Жәнібеков, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, облыстықбілім саласы ардагерлер кеңесінің комитет мүшесі Баян Сүюбаева, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайы­мы Гүлбар Әбілова, ұлағатты ұстаздар қатысты.

Жиынды ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, өткен жылы оқу-ағарту бағытында атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталды.

– Халық баласын оқытуда қажырлы еңбек еткен әрбір ұлағатты ұстаздың өлшеусіз еңбегі ешуақытта ескерусіз қалмайды. Қашанда Сіздердің тәжірибелеріңіз білім беруге байланысты күрделі мәселені шешуде орасан зор рөл атқарады. Білім нәрін бала бойына сіңіріп, үлкен өмірге  қанат қақтырған ақылшы мұғалімнің есімін ұлықтау, әркез ілтипат көрсету маңызды екенін айта кетейін. Бүгінгі жиынның мақсаты – ардагерлер кеңесінің алдағы уақытта зейнетке шыққан білім саласы ардагерлерімен бірлесіп жасайтын жұмысына қатысты негізгі басым-бағыттарды талқылау болып табылады. Негізінен, білім саласында жүйелі істер жалғасын табуда. Кез келген педагогтың шеберлігін арттыру, білім бәсекесінде топ жару секілді жоспардағы бірнеше мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда, – деді бөлім басшысы.

Өз кезегінде аудандық білім саласы ардагер кеңесінің төрайымы Гүлбар Әбілова өткен жылы ардагер ұстаздардың қатысуымен жүзеге асқан ілкімді істерді таразылады. Кеңестегі қыруар шаруаны жүргізудегі  назар аударатын маңызды факторды тізбектеді.

– Сырдария ауданына қарасты білім ошақтарынан зейнетке шыққан 465 ардагер ұстаз бар.  Өз уақытысында кез келген пәннен оқушыға сабақ беріп, ұлағатты ұстаз атанған жандар арамызда жүр. Жас мұғалімнің жол нұсқаушысына айналған біздің ардагерлеріміз жас буынға тағылымды тәрбиесін бергені абзал. Сондықтан айтары бар, сөзі өтімді, көргені мол көрегенді жандарды тағылымы мол іс-шараларға жиі қатыстырып, балалардың тәрбиесіне қатысты ойлы орамдарын  ортаға салған абзал. Осы бағытта өткен жылы біз бірнеше іс-шара ұйымдастырған болатынбыз. Биыл ардагер ұстаздардың бірлесіп атқаратын жұмыстың ауқымы мол, – деді кеңес төрайымы.

Еркін форматта жүзеге асқан жиында педагогтардың этикалық нормасы, бала тәрбиесіндегі орын алып жатқан біршама олқылық, білім саласындағы реформалық жаңалықтар назардан тыс қалмады.

– Жалпы, білімнің қайнар бұлағын сарқып ішкен ардагердің болашақты бағдарлап, әрбір істі бағамдай білетін қасиеті ғажап. ҚР оқу-ағарту министрлігі жанынан өткен жылы ардагерлер кеңесі құрылды. Құрамында  есімі белгілі қайраткерлер бар. Біздің өңірімізде бірнеше жылдан бері аталған  кеңес өзіндік позициясын қалыптастыра білді. Облыстық білім басқармасы басшысы Асқарбек Есжанов ағартушылық қызметтің көсегесін көгерткен ардагерлерге айрықша көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар  облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекеновтің бастамасымен республикалық, облыстық деңгейде жоғары деңгейдегі бірнеше іс-шара жүзеге асуда. Қазіргі уақытта біліммен егіз ұғымдас тәрбиенің солқылдақ тұсы көп. Заман көшіне ілескен баланы жөнге салуда ата мен әженің өсиеті қалыс қалып жатады. Қазіргі қоғамда өзімшіл бала, өз құқығын алға тартатын ата-ана, педагог этикасын сақтамайтын мұғалім қалыптасқан. Кісі алдынан көлденең кесе өтетін жас ата-анадан, телефонға телмірген баладан қорқу керек, – деген Баян Орынбекқызы тағылымы мол, ізгілікті кез келген іс-шараға ата-ана мен баланы көптеп тарту керектігін алға тартты.

Өзектілігі мол бас қосуда ер мұғалімнің мәртебесін биіктетуге байланысты ойлы тұжырымдар айтылды. Сондай-ақ  ауданға қарасты білім ошақтарының тарихын жинақтау керектігі тапсырылды. Өз кезегінде аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері сайланды. Алдағы уақытта олар бірнеше бағытта кеңестің қызметін үйлестіретін болады.

– Біз жастайымыздан құрмет тұтқан аға-апаларымыз ортамызда отыр. Сіздер білім саласының бәйтерегісіздер. Зейнеттік жасқа жетіп, ақылман аға, ақ жаулықты анаға айналған заманының заңғарларын көріп, қуанып отырамыз. Қашанда мектептің келелі жиындарынан табылып, ардақты атқа ие болып жүрген қадірлі жандарға дән ризамыз, – деді Алмас Есназар.

Кеңес отырысы соңында ардагер ұстаздар әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, ауданның білім саласы мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.  

Балтабай ОРДАБЕКОВ      
20 қаңтар 2024 ж. 183 0