Шиелі ауданында тұрғындардың жеке мәселелері қаралды
Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы халықпен жүздесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Осындай қабылдаулардың тиімділігі: азаматтар өздерін мазалаған сұрақтарды қояды, өткізу орны мен уақыты күн ілгері хабарланғандықтан, облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жерінде басшылармен кездесе алады.
Бүгінгі қабылдауға келген 50-ден астам азаматтың көтерген мәселелері баспана, денсаулық сақтау, білім беру, жер және жұмыспен қамтуға байланысты болды.
Балаби ауылының тұрғыны «Тартоғай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы қашан басталатынын сұрады. Бұл станция Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Сұлутөбе, 1 Мамыр, Бірлестік, Тартоғай және Майлытоғай ауылдарын газдандырудағы маңызды нысан саналады. Қазіргі уақытта «Шиелі ауданының Тартоғай елді мекенінде АГТС орната отырып, «Бейнеу – Шымкент» магистральдық газ құбырынан тармақ салу» жобасының құжаттамасы әзірленуде.
Жоба жүзеге асып, газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Бәйгеқұм, Жөлек, Балаби, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар батыр елді мекендерін газдандырудың құжаттары да дайындалады.
Алмалы ауылының тұрғыны Майлытоғай, Қарғалы, Жансейіт, Алмалы, Тәжібаев, Досбол датқа және Тұрсынбай датқа ауылдарындағы клуб ғимараттарының апатты жағдайын айтты.
Бұл ауылдарға жаңа клуб салу үшін жер телімдері бөлінген. Енді жоба-сметалық құжаттама дайындауға, мемлекеттік сараптамадан өткізуге кезең-кезеңімен ұсынылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










