Аумақтық департамент басшысы тағайындалды
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен аталған комитеттің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Оспан Берден Ерболұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, энергетикалық жабдықтар, электр станциялары мен желілерінің қауіпсіздігіне, тұрақты жұмысына қатысты тапсырма берді. Оған қоса электр және жылу энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын бақылау міндеттелді. Энергия өндіруші және беруші ұйымдар мен жүйелік операторлардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығын пысықтап, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде орындалуына да тиісті бақылау жүргізу керек.
Берден Ерболұлы 1996 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс университетін «Электр энергетикасы», Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Жерді баптау және қорғау», Еуразиялық заң академиясын «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бас маман болып бастаған. Кейінгі жылдары энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










