Денсаулық сақтау саласындағы жаңа серпін
Денсаулық сақтау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Себебі ұлт саулығы – елдің басты байлығы, ал халыққа сапалы медициналық көмек көрсету кез келген дамыған қоғамның негізгі көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына қатысты жүктеген міндеттері саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.Президент өз Жолдауында елімізде халық санының қарқынды өсуіне назар аударып, соған сәйкес медициналық инфрақұрылымды жүйелі әрі жедел дамыту қажеттігін атап өтті. Әсіресе өңірлердегі медициналық нысандардың қолжетімділігі, ана мен бала денсаулығын қорғау, балаларға мамандандырылған көмек көрсету және алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту мәселесі басым бағыт ретінде айқындалды. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласындағы бүгінгі сұранысқа жауап беріп қана қоймай, болашақтағы демографиялық және әлеуметтік өзгеріске алдын ала дайындалу аяқалысы байқалады.
Осы міндетті жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарда бар. Тың бастама медициналық инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы медициналық қызмет сапасының алшақтығын азайтуға да мүмкіндік береді. Жоспарланған нысандар қатарында перзентханалар, көпбейінді ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары, емханалар мен мамандандырылған медициналық мекеме бар.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, жаңа медициналық құрылыстардың ішінде ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қаласында жалпы 1700 төсек-орынға арналған сегіз заманауи перинаталдық орталық салу көзделген. Аталған орталықтар жүктілік пен босану кезіндегі медициналық көмектің сапасын арттырып, ана мен нәресте өміріне төнетін қауіптердің алдын алуға, күрделі жағдайда жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге жол ашады.
Әсіресе Қызылорда қаласында перинаталдық орталықтың салынуы – өңір үшін маңызды жаңалық. Себебі ана мен бала денсаулығын қорғау – медициналық көмектің ең жауапты бағыты. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған орталықтың бой көтеруі – жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің мүмкіндігін кеңейтеді. Медициналық қызметті өз өңірінде алу мүмкіндігі артып, басқа аймақтарға бару қажеттілігі азаяды.
Балалар денсаулығын сақтау да Жолдаудағы басым міндеттердің қатарында. Осы бағытта Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жалпы 1 550 төсек-орындық жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Астанада 200 төсекке арналған балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы мен 350 төсекке арналған балалар хирургиясы орталығы бой көтереді. Игілікті жоба балаларға көрсетілетін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде балалар денсаулығына қатысты мәселелер тек емдеумен шектелмейді. Аурудан кейінгі қалпына келтіру, оңалту, ерекше қажеттілігі бар балаларға қажетті медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету де аса маңызды. Осыған байланысты Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қаласында жалпы 750 төсек-орындық балаларды оңалтудың ұлттық орталығының бес жаңа үлгілік өңіраралық филиалын ашу көзделуде. Мұндай орталық балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, қозғалыс және өзге де функционалдық мүмкіндіктерін дамытуға, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар өңірлердегі ірі медициналық нысандардың құрылысы да назардан тыс қалмайды. Жоспарға сәйкес, Өскемен қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Жамбыл облысында 325 төсекке арналған жұқпалы аурулар ауруханасы, Абай және Түркістан облысында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана салу қарастырылған. Бұған қоса емханалар мен мамандандырылған корпустар бой көтереді. Жалпы, 25 амбулаториялық-емханалық нысан, аудандық аурухана, жедел медициналық жәрдем нысаны, қан орталықтары және басқа да медициналық мекемелердің құрылысы жоспарланған.
Мұның барлығы – медициналық көмекті халыққа жақындатуға, ауруды ерте анықтауға және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Дегенмен жаңа ғимараттар салумен мәселе толық шешілмейді. Оларды заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, білікті дәрігерлермен жасақтау, ауылдық жерлердегі маман тапшылығын азайту және медициналық қызметтің сапасын тұрақты бақылау да қатар жүруі тиіс. Себебі денсаулық сақтау инфрақұрылымының тиімділігі оның сыртқы келбетімен емес, халыққа көрсететін нақты қызметімен өлшенеді.
Осы орайда Мемлекет басшысы медициналық инфрақұрылымды дамытуға бюджет қаражатымен қатар жеке капиталды да кеңінен тарту қажеттігін атап өтті. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі жобаларын тиімді жүзеге асыру әлеуметтік салаға инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, медициналық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға және басқару тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Алайда мұндай жобаларда ең басты өлшем – жеке инвестицияның көлеміне қарамайды. Мұндайда халыққа ұсынылатын медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы болуы қажет. Президент тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді уақытылы қабылдаудың маңызын да ерекше атап өтті.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту. Өйткені азаматтардың басым бөлігі денсаулық сақтау жүйесімен ең алдымен учаскелік дәрігер, жалпы практика дәрігері және емхана арқылы байланысады. Аурудың алдын алу, бастапқы кезеңде анықтау, диспансерлік бақылау, созылмалы сырқаттары бар азаматтарды қадағалау секілді маңызды жұмыс дәл осы буынға жүктелген. Сондықтан алғашқы медициналық көмекті күшейту – денсаулық сақтау жүйесінің жалпы тиімділігін арттырудың негізгі тетігі.
Мемлекет басшысы осы бағытта жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды тапсырды. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40 пайызға дейін арттыру міндетін жүктеді. Айшықты бастама 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын өсіруге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, медицина мамандарына еңбек өтіліне қарай қосымша үстемеақы төлеу тетігі қарастырылған. Ұсынылған тәртіп бойынша үздіксіз еңбек өтілі екі жылдан асқан мамандарға лауазымдық жалақысының 20 пайызы, үш жылдан асқандарға 30 пайызы, бес жылдан асқандарға 50 пайызы көлемінде үстемеақы белгілеу көзделіп отыр. Бұл ретте, Президент тапсырмасындағы 40 пайызға дейін арттыру межесі мен министрлік ұсынған үстемеақы мөлшерлерінің түпкілікті нормативтік тәртібі нақты бекітілген шешім арқылы айқындалуы маңызды.
Министрлік келтірген есепке сүйенсек, ең жоғары үстемеақы тағайындалған жағдайда ауылдық жерлердегі жалпы практика дәрігерлерінің айлық жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал қалаларда жалпы практика дәрігерлерінің табысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін, орта буын медицина қызметкерлерінікі 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
Еңбек өтілі аз мамандардың да табысын арттыру қарастырылған. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мыңнан 450 мың теңгеге дейін, орта буын медицина қызметкерлерінікі 221 мыңнан 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қалаларда еңбек өтілі аз жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мыңнан 358 мың теңгеге дейін, орта буын медицина қызметкерлерінікі 173 мыңнан 202 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
Маңызды жоба – әсіресе ауылдық денсаулық сақтау саласы үшін маңызды қолдау. Себебі ауыл медицинасының негізгі тірегі – учаскелік дәрігерлер, жалпы практика мамандары мен орта буын медицина қызметкерлері. Олар тұрғындармен күнделікті байланыста болып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді, аурулардың алдын алады, науқастарды бақылауда ұстайды. Еңбекақының артуы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға оң ықпал етуі мүмкін.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де қолдау көрсету мәселесі қарастырылып отыр. Олардың жұмысының ерекшелігін ескере отырып, психоэмоциялық жүктеме үшін қосымша ақы төлеу ұсынылуда. Қазіргі қоғамдағы психологиялық денсаулықтың маңызын ескеретін орынды қадам қолдауға тұрарлық. Өйткені медицина қызметі тек дене саулығын емдеумен шектелмейді. Адамның психологиялық жағдайы, әлеуметтік ортасы мен өмір сүру сапасы да денсаулықтың ажырамас бөлігі саналады.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер денсаулық сақтау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бір жағынан, жаңа ауруханалар мен перинаталдық орталықтар салынып, медициналық инфрақұрылым кеңейеді. Екінші жағынан, алғашқы медициналық көмек күшейтіліп, медицина мамандарының еңбегіне берілетін қолдау артады. Бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Ең бастысы, қолға алынған бастама қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалмай, халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Ауылдағы ана сапалы медициналық көмек алса, бала қажетті ем мен оңалтуға қол жеткізсе, дәрігердің еңбегі лайықты бағаланса – денсаулық сақтау саласындағы реформаның нәтижесі де сол болмақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Коллаж К.Ерлепесқызынан










