Облыстық медициналық бақылау департаментінің жаңа басшысы таныстырылды
Үкіметтің 2026 жылғы 3 тамыздағы қаулысына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құрылымы өзгертіліп, екі дербес ведомство құрылды. Медициналық бақылау комитеті медициналық қызмет сапасын бақылаумен айналысады.
Фармация комитеті фармацевтикалық қызмет пен дәрілік заттардың айналымына жауап береді.
Осыған орай комитеттің өңірлердегі аумақтық департаменттері де жаңа ведомстволарға сәйкес қайта құрылды. Денсаулық сақтау министрінің келісімі негізінде, Медициналық бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Жақсылық Жанерке Алмасқызы тағайындалды.
Жаңа басшыға өңірдегі медициналық қызмет көрсету саласын бақылау және қадағалау, медициналық қызметті лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін заңға сәйкес ұйымдастыру тапсырылды.
Жанерке Алмасқызы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
2009-2016 жылдары Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Еңбек жолын 2017 жылы №3 қалалық емханада учаскелік дәрігер ретінде бастап, осы емханада бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2023-2026 жылдары Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеген. 2026 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін аталған департаменттің басшысы қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










