Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Әлеуметтік қорғау жүйесі – орнықты дамудың негізі

Әлеуметтік қорғау жүйесі – орнықты дамудың негізі

«Халық – мемлекет үшін, мемлекет – халық үшін» формуласын негізге алып, әрбір мемлекет халықтың өмірі мен тұрмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, еліміздің орнықты дамуының негізі саналады. Бұл ретте арнайы жоба мен мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін шектемей, олардың мүддесін қорғауды көздейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырма берсе, «АMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ауданымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

КЕДЕРГІСІЗ ОРТА: БАРШАҒА ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы дерегі бойынша Қазақстанда 740 мыңға жуық ерекше қажет­тілікті адам бар. Солардың 416 мыңын – еңбекке қабілетті жастағылар, 207 мыңын – зейнеткерлер, 115 мыңын немесе 15,6 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Бай­лықтан қымбат саналатын денсаулықтың қадірін білген адамға одан асқан құндылық жоқ. Дені сау адам – табиғаттың ең бағалы жемісі десек, қоғам өмірінде тән рақаты – денсаулық екенін сезінген қаншама адам бар. Оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, дербес өмір салтын сақтауына жағдай жасау, кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы өмір сүру мүмкіндігін шектемей, оларға қолжетімді орта құру мәсе­лесі қашан да маңызды.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген инфрақұрылымдық және әлеу­меттік нысандар үш қолжетімділік санатына бөлінеді. Олар: қолжетімді, жартылай қол­жетімді және қолжетімді емес. Есту, көру, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы мен мүге­дектер арбасына таңылған жандар үшін қолжетімділік ескеріледі.

Аймақтарда нысандарды бейімдеу мақ­сатында өңірлік жоспар бекітілген. Осы жос­пар­лардың бір бөлігін мүгедектерге арналған нысандардың жай-күйін бақылау құрайды.

– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындаудағы Жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту мақ­сатында 2025 жылы 6 объектіге, оның ішінде 1 білім мекемесі мен 5 денсаулық сақтау мекемесіне толық бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы орайда 6 объекті талапқа сай бейімделіп, республикалық «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, 100 па­йызға орындалды. Бұл бағытта аудан әкі­мінің арнайы жұмысшы тобы құрылған, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кедергісіз орта қалып­тастыру мақсатында ауданда жоспарға сай жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова.
Бұл мәселеде негізгі талап мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Ең алдымен баспалдақ, пандус, есік сияқты негізгі қажеттіліктердің мүгедек жандардың мүмкіндігін шектемеуін қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда көп­шілік жиі жүгінетін мекемелерде ғана емес, автотұрақ, аялдама, автобус, сауда орталықтары мен базар сияқты нысандарда да мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назарға алынып келеді. Сонымен қоса, анықтамалық, касса сияқты қызмет көр­­сету орталықтарында да қолжетімділікті қам­тамасыз ету жұмыстары назарға алын­ған. Ерекше жандардың мәдениет ошақ­тарынан тыс қалмауы, спортпен еркін шұ­ғылдана алуы да басты назарда. Осы мақсатта мүгедектердің мәдени, ойын-сауық орталықтарына барып, іс-шараларға қатысуы мен спортпен шұғылдануы үшін спорт ғима­раттарын арнайы құрал-жабдықтармен қам­тамасыз ету маңызды.

ЗАҢДЫ БҰЗУ «ҚҰНЫ» ҚАНША?

Әкімшілік жауапкершілікті қадағалау тәр­тібі арнайы құқықбұзушылық туралы кодекспен реттеледі. Ол бойынша әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына, мәдениет ошақтарында қолжетімділік қамтамасыз етілмеген жағдайда лауазымды тұлғаларға 50 АЕК негізінде, шағын кәсіп иелері мен коммерциялық емес ұйымдарға 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіп иелеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер әкімшілік жазадан сабақ алмай, құқық­бұзушылық оқиғасы бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл көлемі бастапқыдан көп көлемде тағайындалады. Нақтылар болсақ, лауазымды тұлғаларға 80, шағын кәсіп иелеріне 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 250, ірі кәсіп иелеріне 600 АЕК-ті құрайды.

«Біз мүгедек жандарға қолайлы орта құруда жасалуы керек шаруалардың түгел атқарылмағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікті енгіздік. Десек те, бұл саладағы құқықбұзушылық әлі де саябырламай тұр. Іс жүзінде қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өздігінен көшеге шығып, тиісті орталықтарға өзі бара алуы мүмкін бола бермейді. Оның үстіне, тұрғындар жиі жүгінетін орталықтарда оларға қолайлы жағдай жасалмаса, тіпті қиын. Бұл алаң­датарлық мәселе» деді Мемлекет басшысы.


Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеу­меттік ортада және қоғамда мүмкіндігінің шектелмеуін тиісті тұлғалар ұдайы бақылауда ұстайды. Бұл бағытта Үкімет пен жергілікті атқарушы орган жүйелі жұмыс атқаруда. Мысалы облыста облыс әкімі бекіткен арнайы қаулы бар. Қаулыда әлеуметтік сала бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары нақтыланған және жұмыс берушілерге тиісті ұсынымдар берілген. Бұл ретте осы қаулыдан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде аудан әкімдігімен, «Мансап» орталығымен бірлесе мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ӘДІЛДІК МАҢЫЗДЫ

Әлеуметтік сала туралы сөз болғанда атаулы әлеуметтік көмекті жалған түрде алушылармен тұрақты жұмыс жүр­гізіліп жатқанын айта кету орынды. Әлеуметтік көмек алатындардың ара­сында үкіметті алдап, өздеріне заңсыз түрде жеңілдіктер алатын адамдар мәселесі – қоғам мен мемлекет үшін өткір тақырып. Бұл ретте «Менің тапсырмаммен жыл басында әлеуметтік көмек алушылар санын 30 пайызға төмендету туралы тиісті басқарманың, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің жоспары бекітілді. Шынайы табысын жасырып, жалған ақпарат ұсынып, масылдық оймен көмек алу үшін тұрғындар түрлі әрекеттерге баруда. Атаулы әлеуметтік көмек тек шын мұқтаж отбасыларға ғана берілуі қажет. Қала және аудан әкімдеріне учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, жыл соңына дейін белгіленген жоспарды орындауды тапсырамын» деген еді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Аудан көлемінде әлеуметтік қорғау саласына қаржы бөлініп, әлеуметтік қорғауға мұқтаж жандардың өмірлік қажеттіліктерін және әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндіктер жасалуда. Бұл орайда әлеуметтік қорғау саласына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жұмыстары күшейтілген. Ат­қарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023-2025 жылдары 8,2 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. 2023-2025 жылдары 502 мекеме мен ұйымдарда құрылған 2 мың 825 жұмыс орнының шынайылығына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде, шарт талаптарын бұзған жұмыс берушілермен жасалған келісімшарттар мерзімінен бұрын тоқтатылып, 21,8 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеген. Бір жағдайда заңсыз төленген 28 мың 45 теңге қаржы бюджетке кері қайтарылған. Салықтық есептілігін «нөлдік табыспен» тапсырған жеке кәсіпкерлер мен ұйымдарға талдау жасалып, субсидияланатын жұмыс орындарын құрған 151 кәсіпкерлік субъектісімен келісімшарт тоқтатылған. Жаңа бизнес идеяларға арналған грант қаражатының тиімді пайдалануына жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысымен 13 жағдайда мақсатсыз жұмсалған 19 млн теңге қаржы алушылардың өз еріктерімен және сот шешімімен толықтай бюджетке қайтарылғанын айта кету орынды. Одан бөлек, 59 кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалып, 114 адамға экологиялық үстемеақыны жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төлеу тәжірибесі енгізілген. Меморандум аясында экологиялық үстемеақы төлеп, бюджет қаржысы 2 млн 984 мың 261 теңгеге үнемделген. Берілетін көмек қаржының шын мұқтаждарға бағытталуын зерделеу үшін учаскелік комиссиялардың сапалық құрамы қайта бекітіліп, аудандық деңгейде құрылған мониторингтік топтар үй аралау жолымен әрбір отбасына жеке зерделеу жұмыстары ұйымдастырылған. Соңғы үш жылда көмек алушылардың саны 1164 адамнан 340 адамға немесе 3,4 есеге азайып, нәтижесімен бюджет қаржысы 53,9 млн теңгеге үнемделген.

МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

Аудандық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің мәліметі бойынша 2025 жылға атаулы әлеуметтік көмекке жалпы сипаттағы трансферттер 25545 мың теңге, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлемге 4146 мың теңге қаржы қаралған. 2025 жылдың 1 желтоқсанына әлеуметтік көмек 62 отбасындағы 340 адамға 22351,2 мың теңге тағайындалып, 19219,6 мың теңге төленген. Бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 102 балаға 3757 мың теңге қосымша төлем тағайындалып, 3397,2 мың теңге берілген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан еңбекке жарамды 87 адам, оның ішінде өтініш берген кезеңде жұмысы барлар 53 адамды құраса, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 15 адам тартылған. Оның ішінде 6 адам тұрақты жұмысқа, 7 адам қоғамдық жұмысқа жолданып, 2 адам қайтарымсыз грант алған. Сондай-ақ жыл көлемінде халықтың осал топтарына демеушілер мен еріктілер тарапынан 399 отбасына 13120,9 мың теңге қайырымдылық көмек көрсетілген.

– Әлеуметтік саланың жұмысы қай кез­де де өте ауқымды. Әсіресе ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету, жұмыссыздық деңгейін азайту, пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу үлкен еңбекті талап етеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Аталған тақырып мәселе ретінде күн тәртібіне қойылып, Мемлекет бас­шысының да ұдайы назарында. Мүмкіндігі шектеулі жандардың – рухы мықты. Олар қатардан қалмай қызметке де араласып, қоғамнан алыстамай, қоғамның дамуына өз үлестерін қосады. Ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген жігерлі жандар да жеткілікті. Осы ретте ауданда осы мәселе төңірегінде арнайы комиссия отырысы өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Яғни, жағдай толықтай бақылауда, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова.

Бұл ретте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аудан­дық мәслихаттың шешіміне сәйкес тұрғын үй көмегін көрсету бойынша, сондай-ақ жекелеген санаттағы, оның ішінде соғыс ардагерлері мен өмірлік қиын жағдайдағы дертке шалдыққан жандарға қызмет көрсетеді. Жеке оңалту бағдарламасы аясында үйде күтім көрсету, мүгедектігі бар адамдарды автокөлікпен тасымалдауға арналған «Инватакси» қызметтері жергілікті бюджет есебінен жүйелі жолға қойылған. Пробация есебінде тұратын азаматтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу де – сала мамандары қыз­метінің бір бағыты. Айта кетейік, Ұлттық жоба аясында барлығы 16 жоба бекітіліп, 22 тұрақты, 141 уақытша жұмыс орнын ашу жоспарланса, биыл 8 тұрақты, 181 уақытша жұмыс орны ашылып, 116 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тап­сырмасына сәйкес 481 жұмыс орнын ашу белгіленсе, бүгінгі күнге 522 жұмыс орны ашылып, 108,5 пайыз орындалған.

«ҮЗДІК БӨЛІМ» АТАНДЫ

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі – мем­лекеттің әлеуметтік саясатының негізгі тірегі, халықтың әл-ауқатын арттыруға, аза­мат­тардың құқықтары мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды сала. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауап­кершілік пен зор адамгершілікті талап ететін игілікті іс. Осы орайда биыл ауданымыз үшін жағымды жаңалық орын алғанын айтып өту орынды. Облыста әлеуметтік қам­сыздандыру саласы қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты іс-шарада жұмыспен қамту және әлеуметтік салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі «Үздік бөлім» аталымымен марапатталды. Атаулы марапат бөлім басшысы Айнұр Амантайқызына табысталды. Бұл – әлеуметтік саладағы бірлескен тындырымды істің нәтижесі. Аталған іс-шарада сыр­дариялық әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлері де марапат тұғырынан көрінді. Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 40-тан астам әлеуметтік сала қызметкері өз міндетін жоғары деңгейде атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің барлық азаматына бір­дей жағдай жасап, шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті. Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған» деген болатын өз сөзінде.

ТҮЙІН

Қоғамда түрлі жағдай, түрлі тағдыр бар. Кімнің қандай сынақты бастан өткізіп, кімнің алдында не күтіп тұрғаны Аллаға ғана аян. Тағдыр талқысына түсіп яки туа бітті мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Ондай ерекше қажеттілікте өмір сүретін жан­дардың өмірге деген құштарлығы дені сау адамнан әлдеқайда күштірек. Себебі олар денсаулықтың, емін-еркін өмір сүрудің қадір-қасиетіне қаныққан. «Адамның күні адаммен» деген және бар. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ортадағы мүмкіндігін шектемей, қолдау көрсету – мемлекеттің де, адамзаттың да парызы.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

23 желтоқсан 2025 ж. 86 0