Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 85 газет

08 қараша 2025 ж.

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Адамға – мейірім, жүрекке – жылулық: «Үздік бөлім» атанды

Адамға – мейірім, жүрекке – жылулық: «Үздік бөлім» атанды

Аудандық мәдениет үйінде жүрек­терді шымырлатып, көңіл түбінде тұнған сезімдерді сілкінтер іс-шара өтті. Бұл – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің атаулы күніне арналған концерттік бағдарлама еді. Бағдарлама басталмас бұрын орындалған тақырыптық пролог, бейнеролик көрерменнің көңіл толқынын бір қозғап өткені жасырын емес.

Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қыз­­меткерлерінің күні 2011 жылдан бері атаулы күн ретінде тойланып келеді. Бұл – өзінің жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығы арқылы қарт адамдарға, ерекше жандарға көмек қолын созып, жүрек жылуын аямайтын жандардың атаулы мерейтойы. Салтанатты іс-шара­ға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысының жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар бас­қармасы басшысының орын­басары Азамат Мыңбаев, ауданның зия­лы қауым өкілдері, сала мамандары мен ардагерлері қатысты. Ең алдымен аудан әкімі сала мамандарын құттықтап, марапаттады.

– Баршаңызды әлеуметтік қамсыз­дандыру жүйесі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі тірегі, халықтың әл-ауқатын арттыруға, аза­мат­тардың құқықтары мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды сала. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен зор адамгершілікті талап ететін игілікті іс. Сіздер күн сайын түрлі тағдыр иелерімен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, көмек қолын созып, өмірге деген сенімін қайта оятып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің болашағына қосқан зор үлес. Өйткені қоғамның әлеуметтік тұрғыдан қорғалғандығы – оның тұрақтылығының, өркендеуінің кепілі. Бүгінгі мереке күні сіздерге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға шаттық пен береке тілеймін! Кәсіби жолдарыңызда жаңа жетістіктерге жете беріңіздер. Еңбектеріңіз халықтың алғысына бөле­ніп, ел игілігі жолында жемісті болсын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы. Осы ретте сала ардагерлері мен қызметкерлері арнайы төсбелгімен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алғыс хатымен, облыс және аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, бас­қарма басшысының арнайы марапатымен марапатталды.
                                        
Осы орайда биыл ауданымыз үшін жағымды жаңалық орын алғанын айтып өту орынды. Жақында облыста әлеумет­тік қамсыздандыру саласы қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты іс-шарада жұмыспен қамту және әлеуметтік салада жоғары көрсеткіштерге қол жет­кізгені үшін Сырдария аудандық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Үздік бөлім» аталымымен марапатталды. Атаулы марапат бөлім басшысы Айнұр Амантайқызына табысталды. Бұл – әлеуметтік саладағы бірлескен тындырымды істің нәтижесі. Аталған іс-шарада сырдариялық әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлері де марапат тұғырынан көрінді. Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 40-тан астам әлеуметтік сала қызметкерлері өз міндетін жоғары деңгейде атқарып келеді.

Өз кезегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы бас­шы­сының орынбасары Азамат Мыңбаев әріптестерін жоғары марапатпен құт­тықтап, кәсіби мерекемен құт­тықтады. Одан кейін салтанатты қабылдау аудан өнерпаздарының концерттік бағ­дар­ламасына ұласты. Кішкентай Расул Қайратов әлеуметтік сала қызметкері Әсел Досанмен ән шырқаса, ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың «Өмірге құштармын» өлеңімен әдеби монтаж қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті. Қазір мемлекет бюджетінің жарты­сынан көбі әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған» деген болатын өз сөзінде. Бұл күнді қарттарға, жан жылуын, адамзат мейірімін күтетін қамкөңіл жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз және жұмыссыз азаматтарға көмек қолын созып, аянбай қызмет етіп жүрген адамдарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі десек, артық айтқандық емес.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

08 қараша 2025 ж. 45 0