Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі – еліміздің орнықты дамуының негізі саналады

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі – еліміздің орнықты дамуының негізі саналады

«Халық – мемлекет үшін, мемлекет – халық үшін» формуласын негізге ала отырып, әрбір мемлекет халықтың өмірі мен тұрмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, еліміздің орнықты дамуының негізі саналады.

Осы ретте ауданымызда халықтың әлеуметтік осал топтарына орнықты түрде көмек көрсетіліп келеді. Атап айтар болсақ, 2023 жылға атаулы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 12465,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 77024,0 мың теңге, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлемге республикалық бюджеттен 17084,0 мың теңге қаржы қаралған. 2023 жылдың 1 шілдесіне 174 отбасына 38499,7 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 172 отбасына 32292,0 мың теңге төленген.

Сондай-ақ, әлеуметтік көмек алушылар арасынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 61 адам тартылып, оның ішінде 10 адам тұрақты жұмыспен, 43 адам қоғамдық жұмыспен, 1 адам әлеуметтік жұмыспен қамтамасыз етілген. Және жеті адам қайтарымсыз грант алған.

2023 жылдың 1 шілдесіне халықтың осал топтарына демеушілер мен еріктілер тарапынан 770 отбасына 21952,2 мың теңге қайырымдылық көмек көрсетілген. Бұл да өз кезегінде халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау болып табылады.

Ал мүгедектігі бар және ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмір сүру сапасын жақсартып, мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мүмкіндігін шектемеу мақсатында да тұрақты жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы әлеуметтік қызметтер порталында өз таңдаулары бойынша қажетті құралдар мен заттарға тапсырыс берген. Бүгінде мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қамтылуы 89,3 пайызға орындалды. Мүгедектігі бар адамдарды міндетті гигиеналық құралдармен және техникалық оңалту құралдарының кеңейтілген тізбесімен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті тұлғаларға төленген.

Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдарды автокөлікпен тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған «Инватакси» қызметі тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытында облыстық Басқармада 2023 жылға жасалған бөлініс бойынша білім, денсаулық, мәдениет және спорт саласындағы 32 обьектіге толық бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл бағытта аудан әкімінің №124-ө өкімімен жаңадан жұмыс тобы құрылды. Бекітілген обьектілерді аралау кезінде қолданыстағы талаптарға сай бейімдеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аталған салаларда ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін бейімдеуді аяқтау бағытындағы тиісті жұмыстар жүргізілуде.
02 тамыз 2023 ж. 316 0