Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

10 қазан 2026 ж.

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұстаз есімі ұлықталған күн

Ұстаз есімі ұлықталған күн

Ұстаз – ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісінің негізгі тірегі. Оның еңбегі бір күннің нәтижесімен өлшенбейді. Ұстаздың маңдай тері шәкіртінің жетістігімен, қоғамға қосқан үлесімен, ел болашағына берген тәрбиесімен бағаланады. Сондықтан білім саласында ұзақ жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегін елеп, лайықты марапаттау – үлкен құрметтің белгісі. Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада ауданымыздың білім саласында еңбек етіп жүрген бірқатар мұғалім мен ардагер ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, марапатқа ие болды.

Мәселен, білім саласының ардагері Бисенкүл Бакирова Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, №37 мектеп-лицейінің мұғалімі Марияш Аусынбаева мен №129 Әбірәш Жәмішов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Раушан Абдраманова «Ыбырай Алтынсарин» медаліне ие болды. Ал №135 Асқар Тоқмағанбетов атындағы орта мектептің мұғалімі Шолпан Райымбекова «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, №44 мектептің мұғалімі Ұлпат Қожаназарова арнайы Құрмет грамотасын иеленді. Өз кезегінде №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Бегежан Ұларханға «Сарыағаш» шипажайына жолдама табысталды.

– Әрбір марапаттың астарында жылдар бойғы тынымсыз еңбек, кәсіби ізденіс, шәкіртке деген жанашырлық пен ұстаздық жауапкершілік жатыр. Әріптестеріміздің еңбегінің осындай биік деңгейде бағалануы – ауданымыздағы білім саласының жетістігі деп қабылдаймыз. Бүгінде білім беру саласы үлкен өзгеріс кезеңін бастан өткеруде. Заманауи технология мен жаңа оқыту әдісі мұғалімнен үнемі ізденісті, жаңашылдықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Осындай жауапты кезеңде ұстаздың басты міндеті – тек білім беріп қана қоймай, оқушының бойындағы қабілетті ашу, оны ізденуге бау­лу, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Себебі бүгінгі мектеп қабырғасында отырған бала – ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат. Осы ретте аға буын ұстаздардың орны ерекше. Ұзақ жыл бойы білім саласында еңбек еткен ардагерлеріміздің тәжірибесі – кейінгі буын үшін үлкен мектеп. Олардың кәсіби жолы, ұстаздық ұстанымы, шәкіртке деген ықыласы жас мамандарға бағыт-бағдар береді. Ал бүгінгі жас педагогтер сол өнегені заманауи білім мен жаңа технологияларды ұштастыра отырып жалғастырып келеді, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.

Ұстаз еңбегінің ерекшелігі де осында. Оның еңбегінің жемісі тек мектеп көрсеткіштерімен немесе марапатпен ғана өлшенбейді. Нағыз нәтиже – өмірден өз орнын тапқан шәкірт, елге қызмет етіп жүрген азамат, ата-ананың алғысы мен халықтың құрметі. Сондықтан әр ұстаздың еңбегі – қоғамның болашағына қосылған үлес.

Мемлекет тарапынан білім саласына, оның ішінде ұстаз мәртебесіне ерекше көңіл бөлінуі педагогтерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте ауданымыздың білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүрген мұғалім қауым өз міндеттерін абыроймен атқарып, білім сапасын арттыру мен ұрпақ тәрбиесіне бар күш-жігерін жұмсап келеді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
10 қазан 2026 ж. 88 0