Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

10 қазан 2026 ж.

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » 9500 шежірелі басылымның жаңа белесі

9500 шежірелі басылымның жаңа белесі

Тіршіліктің тамыршысына айналған «Тіршілік тынысы» газетінің 9500-ші нөмірі жарыққа шықты. Иә, ауданның бас басылымы алғашқы санынан бастап есептегенде 9500-ші рет оқырман қолына жетіп отыр. Бүгінгі күні аптасына екі мәрте оқырманымен қауышатын төл басылым аудан халқын елдегі қоғамдық-саяси ахуалмен ақпараттандырып, насихатшы қызметін атқарып келеді.

Ғасырға жуық уақыт еншісінде газетіміз тағылымды тарихты жүріп өтті. Ең алғашқы саны 1939 жылдың 26 наурыз күні жарыққа шыққан. «Сталин жолы». Одан бергі кезеңде «Еңбек майданы», «Сырдария», «Еңбек туы», «Тереңөзек тынысы» атаулары қалың оқырманға етене таныс. Бүгінде «Тіршілік тынысы» атауын ту етіп, «Сыр медиа» серіктестігінің құрамында аудан халқы мен өзге өңірдегі оқырмандарға қалытқысыз қызмет етіп келе жатқан газеттің белесі – біз үшін мәртебе.

Әр кезеңде, әр жылдарда қоғамдағы ахуалға орай газетке жарияланған мақалалардың өңі өзгеріп отырғаны ақиқат. Бірақ мақсат – ортақ. Халыққа тиімді әрі сенімді ақпарат тарату. Бүгінде журналист қауым түрлі айдарлар арқылы заман көшіне ілесіп, жылдам хабар таратуды көздейді. Оның ішінде сараптама, эксклюзив, «Мәселенің мәнісі», «Құқықтық кеңес», «Блиц-сұхбат», «Тұлға», «Мен оқыған бір кітап» секілді айдарларды атап өтуге болады. Сондай-ақ «Шарайна», «Оймақтай ой», «Айтайын дегенім...» айдарлары оқырманның сұранысына ие болып үлгерді. Оқушы шығармашылығына арналған «Рауан», «Сенбілік» демалыс беті де ықшам әрі қажетті ақпараттармен тұрақты түрде жарық көріп келеді.

Бүгінде аудандық басылымда тұрақты авторлармен байланыс жақсы жолға қойылған. Тілшілеріміз қоғам өмірінде орын алып жатқан сан түрлі оқиғаларды газет бетіне дер кезінде жарияласа, тұрақты авторларымыз тарихтан сыр шертіп, естеліктерін бөлісіп тұрады. Қырық мыңға жуық аудан халқы мен алыс-жақын қала, облыстағы тұрақты оқырмандарына қызмет етіп отырған аудандық газеттің шетелдерде де оқырмандары қалыптасқанын мақтанышпен айтып өту орынды. Қазіргі таңда редакция ұжымы қалыптасқан үрдісті жаңғыртып, газеттің мазмұнын байытуға әркез ізденіс үстінде жүреді. Осы ретте аудандық газеттің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары заман талабына сай тәулік бойына оқырманға ақпарат таратып, жүйелі жұмысты үйлестіріп келеді. Редакция ардагерлерімен жылы қарым-қатынас жолға қойылып, мерейтойлар мен атаулы күндердің лайықты атап өтіліп келе жатқанын, қызметкерлердің түрлі бағытта ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін де мерейлі күн қарсаңында айтып өту орынды. Бұл күнге атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жоспарларымыз да ауқымды.

Басылым белесі қарсаңында 2027 жылдың І жартыжылдығына газетке жазылу науқаны ашық екенін айтып өту орынды. Бізді іздейтін, оқитын, сұрайтын қалың оқырман үшін тағы бір жаңа кезең бастау алмақ. Аудан тұрғындары – аудандық газеттің тұрақты оқырмандары. Зейнеткерлеріміз жеке-дара келіп, газетке арнайы жазылып, ақ батасын берсе, мекеме қызметкерлері ұжым болып жазылады. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе.

Журналистика – сөз өнерінің бір бұтағы. Ал журналист – халықтың қамын айтатын шындық туы. Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Бұл киелі орда қаншама азаматтың бағын ашып, өмірлік бағыты болған деуге негіз бар. Осы күнге дейін жарияланған 9500 газет санында әр кезеңнің өзіндік ізі бар. Дәл осы кезеңде аудандық газетте өз қолтаңбамызды қалыптастыру – біз үшін мерей һәм жауапкершілік. Ауданның төл басылымы алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беретініне сенім мол. 9500-ші нөмірді қолына алған оқырманға 10 000-шы газетті оқу, ал бізге қағаз басылым арқылы әлі талай ұрпаққа үлгі болып, оқырман олжасына қызмет ету бұйырсын дейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 қазан 2026 ж. 61 0