8888: басылымның белесі
Құрметті оқырман!
Тамыры терең, тарихы кенен қасиетті Сыр өңіріндегі бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданының шежіресін әр бетіне қаттап, жаңалықтың жаршысына, оқырманның олжасына айналған аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 8888-ші нөмірі қолыңызға тиіп отыр. Осыдан тура 81 жыл, 202 күн бұрын алғашқы саны жарыққа шыққан басылым үшін бұл тарихи белес.
Тамыры терең, тарихы кенен қасиетті Сыр өңіріндегі бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданының шежіресін әр бетіне қаттап, жаңалықтың жаршысына, оқырманның олжасына айналған аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 8888-ші нөмірі қолыңызға тиіп отыр. Осыдан тура 81 жыл, 202 күн бұрын алғашқы саны жарыққа шыққан басылым үшін бұл тарихи белес.
Жылдар легін есептеп, елеп-екшеу қиын емес, бірақ, әр жылдың, тіпті әр ай мен аптаның, күн мен сағаттың өзіндік өрнегі, сыры мен жыры бар екені анық. 81 жылдың ішінде қаншама қаламгердің қажырлы еңбегі, іргелі ізденісі, маңдай тері мен машақаты, ой еңбегі мен ақыл-парасаты, басылым беделін көтеру бағытындағы үлесі жатыр. Осы ретте, «Айтылған – әңгіме, жазылған – тарих, ал тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз еске түседі.
Аудан халқының сүйікті басылымына айналған жергілікті газеттің әр нөмірі – ауданның шежіресі, тарихы, қоғамның тыныс-тіршілігі. Алғашқы саны 1939 жылдың 26 наурызында «Сталин жолы» деген атаумен жарық көрген басылым 1956 жылдың 1 маусымынан бастап «Еңбек майданы» ретінде таратылды. Ал 1963-1967 жылдары «Сырдария» атауын иеленсе, 1967-1972 жылдары «Еңбек туы» деп аталды. Сәйкесінше, 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» болып өзгертілсе, 1997 жылдан осы күнге дейін «Тіршілік тынысы» ретінде оқырманмен аптасына екі рет қауышып келеді.
Бүгінде «Сыр медиа» серіктестігінің құрамындағы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жұмысы сан алуан тақырып пен бағытты қамтиды. Биылдан бастап басылым 3749 данамен таратылуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 655 данаға артық. Сәйкесінше, шығармашылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқырманға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалалар мен сұхбаттарды жариялауда. Атап айтқанда, «Шалғайда жүрген бір түлек», «Кент көшелері», «Ой түрткі», «Сұхбат», «Жетістік», «Ауыл жаңалығы», «Еңбек адамы», «Мамандығы – мақтанышы», «Кәсібі – нәсібі», «Ойталқы», «Өнеге», «Шамшырақ», «Жас болсаң, жалындап тұр», «Заң үстемдігі», «Поэзия», «Дарын», «Көкейкесті» секілді айдарлар бойынша мақалалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен бірге тілшілер қоғамдағы келеңсіз және проблемалық мәселелерді тақырыпқа арқау етіп, сыни бағытта да қалам тербеуде. Тұрақты авторлар мен штаттан тыс тілшілерге арналған «Оқыдық, пікір айтамыз» және «Айтайын дегенім» атты қос айдар жұмыс жасайды. Газетте «Қоғам», «Аймақ», «Таным», «Әлеумет», «Бюджет», «Есеп» секілді арнайы беттерге орын беріліп отырады. Мұнан бөлек әр айдың соңғы аптасында арнайы «Сенбілік бет» ұйымдастыру қолданысқа енгізілді.
Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Бүгінде газеттің таралымын арттыру бағытында нақты міндеттер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 2020 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша газет 3749 данамен таратылуда. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 3094 дана болатын. Алдағы уақытта мұны 4000-ға жеткіземіз деген нақты жоспарымыз бар. Газеттің мазмұны байыса, оқырманға қызықты ақпараттар жарияланса, бұл жоспар артығымен орындаларына сенім мол. Ол үшін тек бірлесе еңбек етіп, әрбір қызметкер өз міндетін адал атқаруы қажет.
Биыл елімізде аталып өтілетін маңызды даталар көп. Әлемді жайлаған індетке байланысты көптеген ауқымды шаралар өз деңгейінде тойланбағанымен, қаламгерлер қай кездегідей жұртшылыққа халықтың рухани азығын жеткізуге жауапкершілікпен қарауда. Бұл қатарда «Тіршілік тынысы» газеті де бар және аудандық басылым мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жолынан, ел мүддесіне қызмет ету қалпынан айнымақ емес.
Бұдан бұрын да айтқанымдай, БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) талай азаматтың бағын ашты. Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Сондықтан осындай ұжымда еңбек ету, шығармашылық топқа жетекшілік жасау – зор абырой, жауапкершілік әрі бақыт деп білемін. Аманжол Оңғарбаев басқаратын «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық басылым алдағы уақытта абырой биігінен көріне беретініне сенім мол. Лайым, 8888-ші нөмірді оқып отырған оқырман қауымға басылымның 9999-шы санын сүйіншілеп ұсынайық!
Ақтөре Ибрагимұлы