Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 9000: Басылымның белесі

9000: Басылымның белесі


Құрметті оқырман!

Тамыры терең, тарихы кенен қасиетті Сыр өңіріндегі бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданының ше­жіресін әр бетіне қаттап, жаңалықтың жаршысына, оқыр­манның олжасына айналған аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 9000-шы нөмірі қолыңызға тиіп отыр. Осыдан тура 82 жыл, 232 күн бұрын алғашқы саны жарыққа шыққан басылым үшін бұл тарихи белес.

Жылдар легін есептеп, елеп-екшеу қиын емес, бірақ әр жылдың, тіпті әр ай мен аптаның, күн мен сағаттың өзін­дік өрнегі, сыры мен жыры бар екені анық. 82 жыл­дың ішінде қаншама қаламгердің қажырлы еңбегі, маңдай тері мен машақаты, ой еңбегі мен ақыл-пара­саты, басылым беделін көтеру бағытындағы үлесі жатыр. Осы ретте, «Айтылған – әңгіме, жазылған – тарих, ал­ тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз еске түседі.

Аудан халқының сүйікті басылымына айналған жер­гілікті газеттің әр нөмірі – ауданның шежіресі, тарихы, қоғамның тыныс-тіршілігі. Алғашқы саны 1939 жылдың 26 наурызында «Сталин жолы» деген атаумен жарық көрген басылым 1956 жылдың 1 маусымынан бас­тап «Еңбек майданы» ретінде таратылды. Ал 1963-1967 жылдары «Сырдария» атауын иеленсе, 1967-1972 жылдары «Еңбек туы» деп аталды. 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» болып өзгертілсе, 1997 жылдан осы күнге дейін «Тіршілік тынысы» ретінде оқырманмен аптасына екі рет қауышып келеді.

Бүгінде «Сыр медиа» серіктестігінің құрамындағы ау­дандық «Тіршілік тынысы» газетінің жұмысы сан алуан тақырып пен бағытты қамтиды. Сәйкесінше, шығар­машылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқыр­манға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалалар мен сұхбаттарды жариялауда. Атап айтқанда, «Шалғайда жүр­ген бір түлек», «Кент көшелері», «Ой түрткі», «Сұх­бат», «Жетістік», «Ауыл жаңалығы», «Еңбек адамы», «Ма­мандығы – мақтанышы», «Кәсібі – нәсібі», «Ойталқы», «Өнеге», «Шамшырақ», «Жас болсаң, жалындап тұр», «Заң үстемдігі», «Поэзия», «Дарын», «Көкейкесті» секілді айдарлар бойынша мақалалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен бірге, тілшілер қоғамдағы келеңсіз және проблемалық мәселелерді тақырып арқауы етіп, сыни бағытта да қалам тербеуде. Тұрақты авторлар мен штаттан тыс тілшілерге арналған «Оқыдық, пікір айтамыз» және «Айтайын дегенім» атты қос айдар жұмыс жасайды. Газетте «Қоғам», «Аймақ», «Таным», «Әлеумет», «Бюджет», «Есеп» секілді арнайы беттерге орын беріліп отырады. Мұнан бөлек, әр айдың соңғы аптасында арнайы «Сенбілік бет» ұйымдастыру қолданысқа енгізілді.

Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Бүгінде газеттің таралымын арттыру бағытында нақты міндеттер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 2020 жылдың екінші жартыжылдығынан бас­тап газет 3749 данамен таратылуда. Ал осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 3094 дана болатын. Газеттің мазмұны байыса, оқырманға қызықты ақпараттар жарияланса, бұл жоспар артығымен орындаларына сенім мол. Ол үшін тек бірлесе еңбек етіп, әрбір қызметкер өз міндетін адал атқару керек.

Биыл елімізде аталып өтілетін маңызды даталар көп. Әлемді жайлаған індетке байланысты көптеген ауқымды іс-шаралар өз деңгейінде тойланбағанымен, қаламгерлер қай кездегідей жұртшылыққа халықтың рухани азығын жеткізуге жауапкершілікпен қарауда. Бұл қатарда «Тір­шілік тынысы» газеті де бар және аудандық басылым мем­лекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жолынан, ел мүддесіне қызмет ету қалпынан айнымақ емес.

Бұдан бұрын да айтқанымыздай, БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) талай азаматтың бағын ашты. Редак­цияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Сондықтан осын­дай ұжымда еңбек ету, шығармашылық топқа жетекшілік жасау – зор абырой, жауапкершілік әрі бақыт деп білемін. Аманжол Оңғарбаев басқаратын «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық басылым алдағы уақытта абырой биігінен көріне беретініне сенім мол. Лайым, 9000-шы нөмірді оқып отырған оқырман қауымға басылымның 10000-шы санын сүйіншілеп ұсынайық!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
13 қараша 2021 ж. 357 0