Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қызғылт қазан»: Ерте анықтау – өмірді сақтайды

«Қызғылт қазан»: Ерте анықтау – өмірді сақтайды

Сырдария аудандық ауруханасында «Әділет» партиясының іс-шаралар жоспарына сәйкес, 3-31 қазан аралығында өтіп жатқан «Әйел өмірі үшін» сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айлығы аясында ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды.

Қазан айы – «Қызғылт қазан» айлығы ретінде әлемнің көптеген елдерінде сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарау және ауруды ерте анықтаудың маңызын насихаттауға арналады. Айлықтың негізгі мақсаты – қоғамның ақпараттану деңгейін арттырып, әйелдерді профилактикалық және скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге ынталандыру. Себебі сүт безі обырын ерте кезеңде анықтау дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік беріп, сауығу ықтималдығын едәуір арттырады.

Іс-шара барысында медицина қызметкерлері сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу себептері, қауіп факторлары, аурудың алғашқы белгілері, оны ерте анықтаудың маңызы және алдын алу шаралары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қатысушылар өзара пікір алмасып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау және профилактикалық шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында мамандар әрбір әйелдің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық және скринингтік тексерулерден тұрақты түрде өтіп тұруының маңызын ерекше атап өтті. Ерте анықталған дерттің емделу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екені айтылып, аурудың алдын алуда уақытылы тексерілудің шешуші рөл атқаратыны түсіндірілді.

Сырдария аудандық ауруханасы аудан тұрғындарын өз денсаулығына бейжай қарамай, дәрігерлік тексерулерден уақытылы өтіп, скринингтік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырады. Денсаулық – баға жетпес байлық. Ал дерттің алдын алу – әр адамның өз қолында.

08 қазан 2026 ж. 69 0