Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Скрининг – дертті ерте анықтаудың таптырмас амалы

Скрининг – дертті ерте анықтаудың таптырмас амалы

Күнделікті Сырдария аудандық ауруханасының мамандары өзіне жүктелген міндетті тиянақты орындауға барын салып келеді. Адам денсаулығының жай-күйін тереңнен тексеріп, дертті ерте санатта анықтауға барынша мүмкіндік зор. Бұл ретте, скрининг арқылы белгілі бір жастағы сау адамдарды алдын ала тексеруден өткізу, қауіп факторлары мен ауруларын ерте сатыда анықтау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Аталған бағыттағы тексерулер ауруды ерте сатысында немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеу әдісін таңдауға және алдын алу іс-шараларының кешінін тағайындауға көмектеседі.


Негізінен, скринингтен сан түрлі жастағы адамдар жекелеген диагноз бойынша өткізіледі. Қазіргі уақытта аудан көлемінде тексеруден өтуге тиісті жоспарлы адамның көрсіткіші анықталып, аймақтық дәрігерлер арқылы жергілікті тұрғындарға шақырту жіберілуде. Осы күні тиісті бөлімде Бекзат Алашбай мен Ақмарал Сәндібекова сынды білікті мамандар жұмыс жасайды. Өз кезегінде жас айырмашылығы бойынша скринингтен өтуге тиісті санаттарға тоқталып өтуді жөн көрдік.


Ең алдымен, 30 пен 70 жас аралығындағы жандар артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлық қауіп факторларын анықтауға қатысады. Сонымен қатар 18 мен 29 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер қант диабетін, глаукоманы анықтау үшін тексеруден өткізіледі. Нәзік жандыларды маммографиядан өткізу – маңызды рөл ойнайды. Себебі, сүт безінің қатерлі ісігі азаматшаларда жиі кездеседі. Ал төрт жылда бір рет жатыр мойны обырын ерте сатыда анықтау үшін скринингтік тексеруден өтетін 30 мен 70 жас аралығындағы әйелдер ауруханаға шақырылады.


Колоректальды қатерлі ісікті тексеруден ерлер мен әйелдер қатар өтеді. Ал 55-70 жастағы ерлерден қуық асты безі қатерлі ісігі, бауыр ішек жолдары, өнештің ауруларын анықтау, зәр шығару және бүйрек ауруларын, простата безінің қатерлігі ісігін дер кезінде табу жүргізіледі. 50-70 жас бойынша тыныс алу жолдары міндетті түрде тексеріледі.


Жылдар бойы емханаға көрінбейтін жандар арамызда қаншама. Дертінің асқыну салдарынан ауыр хәлге түсетін көпшілік денсаулығына немқұрайлылық танытпау керек. Көбіне скринингтен бас тартатын жандар жеткілікті. Кейіннен, сырқаты сыр бергенде ертерек тексерілмегені үшін өкініш білдіріп жатады. Сондықтан көптеген аурудың алдын алу үшін дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс. Аз ғана уақыттың ішінде дәрігерге тексерілу, уақытылы ем қабылдау өміріңіздің ұзақ болуына себепкер атанады. Жоғарыда көрсетілген скринингтік тексеруден өту барысында өзге де, дәрігерлерге жолдама беріліп, аты жаман аурулардан сақтануға айрықша бірнеше нұсқаулық беріледі.
Қай кезде де, дәрігер үшін науқастың денсаулығы бірінші орында екені сөзсіз. Біз қашанда көпшілікті ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, скринингтен өтуге шақырамыз.


Гүлжажамал ІЗТАЕВА,
профилактика және алдын алу бөлімшесінің дәрігері
21 ақпан 2024 ж. 205 0