Озат комбайншы
Биылғы күзгі егін жинау науқаны облыс бойынша аяқталды. Жыл сайын молшылық мерекесін Сыр жұртшылығы кеңінен атап өтеді. Егінші қауымның еңбегі ақталып, мерейі тасуда. Шаруалар ерекше нәтижеге қол жеткізуде. Міне, осындай жоғары көрсеткіш иесі – ақжармалық Жасқанат Жұманиязов.
Облыс көлемінде «Озат комбайншы» атанған Жасқанат Жұманиязов «Ақжарма және К» фермелік қожалығында «John Deere» комбайнын тізгіндейді. Соңғы 8 жылда аталған фермер қожалықта нағыз еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Жасқанат Жұманиязұлын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады. Егін науқаны кезінде жас комбайншы 4 мың тонна астықты бастыруды қамтамасыз еткен.
– Молшылық мерекесінде үздіктер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Науқан кезеңінде шетелдік «John Deere» комбайнына отырамын. Егін маусымында жұмыс бір сәтке тоқтамайды. Межелі жоспарды орындауымыз керек. Қайрат Нұрсейітов басқаратын «Ақжарма және К» фермелік қожалығынның әрбір жетістігі диқандардың еңбегімен қалыптасады. Үлкен буыннан мол тәжірибе жинақтап келеміз. Сыр салысын өсіруде аграрлық саланың қыр-сырына қаныққан дұрыс. Себебі, ауыртпалығы мол егіншілік кәсіпті игеру оңай емес. Диқанның маңдай терімен шыққан өнімді ысырапсыз жинап алдық, – дейді жас комбайншы.
Жас комбайншы Ақжарма ауылында туылып, елді мекендегі №130 Абай атындағы орта мектепте білім алған. Бүгінде науқанды айтулы жетістікпен тәмамдап, мерейге бөленуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ