Алып техниканы тізгіндеген
Дала еңбеккерлерінің ала жаздайғы төккен маңдай тері өз жемісін беріп, егін орағы мәресіне жетті. Қамбаға құйылған астыққа көз сүйсінеді. Сыр маржаны – ақ күрішті төкпей-шашпай, таңның атысы мен күннің батысына дейін астықты жинап алған еңбеккерлердің адал еңбегі ақталды. Егін жинау науқаны бітісімен-ақ еткен еңбек пен төккен тердің қайтарымы болып, еңбеккерлер мерей тұғырынан көрінді, марапатқа лайық болды.
Жыл сайын ауданда өтетін «Алтын дән – 2022» еңбеккерлер мерекесінде үздіктер марапатталып, шаруа адамдарына салтанатты түрде сый-сияпаттары табысталады. Осындай айтулы іс-шара биыл да дүбірлете ұйымдастырылып, егін даласында еселі еңбек еткен озаттар мен үздіктер марапат тұғырына шықты. Олардың қатарында үздік болған жас комбайнер Әмірбек Ахметжанов та бар. Ол жыл қорытындысымен аудан шаруашылықтары арасында «Үздік комбайнер» номинациясына лайық деп танылды. Шіркейлілік жас комбайншы «Мәді Қажы» ЖШС-де бес жылдан бері еңбек етеді. Биылғы науқанда Әмірбек шетелдік «КЕЙС» маркалы дала кемесімен 32 мың центнер астық бастыруды қамтамасыз еткен. Шіркейлілік комбайншы осындай қажырлы еңбегінің арқасында үздіктер көшін бастады.
– Шіркейлі ауылында туып-өсіп, осындағы мектепті бітірдім. Мектеп бітірген соң Ә.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық колледжге оқуға түсіп, «Теміржолшы» мамандығы бойынша диплом алдым. Десе де еңбек жолым егін саласымен, оның ішінде техника тізгіндеумен тікелей байланысты болды. Алдымен, «Қошай баба» шаруа қожалығында жүргізуші болып еңбек жолымды бастадым. Содан соң облыс орталығындағы «Фрак Джет» компаниясында төрт жылдай жүргізуші болып, еңбек еттім. Қазір бес жылдан бері ауылдағы «Мәді Қажы» ЖШС-де жұмыс істеймін. Механизатор, комбайнер болып ауыл шаруашылығы саласына үлесімді қосып келемін, – дейді жас комбайншы.
Әмірбек Ахметжанов – өзінің кіндік қаны тамған Шіркейлі ауылында еңбек етіп, шаруашылықтың жұмысына атсалысып келе жатқан жастың бірі. Жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамай, алып техниканы тізгіндейтін белсенді шаруа адамы алдыңғы буын ағалары секілді туған ауылына қызмет етіп, көп жасқа үлгі болып келеді.
– Серіктестікте еңбек ететін жастар көп. Бірі комбайн тізгіндесе, енді бірі механизатор, бірі күрішшілер қатарында. Міне, сондай техника тілін меңгерген, бекітілген жұмысты атқарып, үздіктер қатарынан көрінген Әмірбек – өз ісінің маманы. Жас механизатор алдымен тракторды тізгіндесе, қазір шетелдік комбайнды жүргізеді. Жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол азамат лайықты марапатын алды. Науқанда 32 мың центнер Сыр салысын бастырған жас комбайнердің жетістігіне қуаныштымыз. Жыл сайын үздіктердің қатарынан көріне беруіне тілектеспіз, – дейді «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы С.Сұлтанов.
Бибісара ЖАНӘЛІ